АУДАН ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС ПЕН ӨНДІРІС ЖОБАЛАРЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫН ЗЕРДЕЛЕДІ
Жетісай ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік нысандарды жаңғырту, өндірістік әлеуетті арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарды зерделеу мақсатында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бірқатар нысанды аралады.
Алдымен аудан басшысы индустриялық аймақта жүргізіліп жатқан жол құрылысының жай-күйімен танысты. Көлік инфрақұрылымының сапалы болуы өндірістік нысандардың тиімді жұмыс істеуі мен кәсіпкерлік белсенділікті арттырудың маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті.
Сонан соң Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Абай елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункт пен Жазықсай елді мекеніндегі 100 басқа арналған мал бордақылау алаңына барды.
Әлеуметтік маңызы жоғары денсаулық сақтау нысанының талапқа сай салынуы, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, кәсіпкерлікті дамыту, мал шаруашылығының өндірістік әлеуетін күшейту мен ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудың негізгі тетігі екеніне тоқталды.
Зерделеу барысында Серік Үсенұлы Атамекен ауылдық округінің Атамекен елді мекенінде салынып жатқан жүгеріні өңдеу және консервілеу цехының құрылыс алаңында болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашып, жергілікті өнімнің қосымша құнын арттыруға мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асыруда құрылыс жұмыстарына жергілікті жердегі қолынан іс келетін азаматтарды барынша тарту арқылы жаңа нысанмен қатар тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігін арттыру қажеттігін айтты.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі