АТАМЕКЕНДЕ ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ САЛЫНАДЫ

АТАМЕКЕНДЕ ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ САЛЫНАДЫ
АТАМЕКЕНДЕ ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ САЛЫНАДЫ
 
Жетісай ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы ретте Атамекен ауылдық округінде Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесіне қарасты жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы қолға алынбақ.
 
Бұл туралы аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Атамекен ауылдық округін аралау барысында мәлімдеді. Аудан басшысы болашақ нысанның орналасатын аумағымен танысып, жауапты сала мамандарына жерге орналастыру құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
 
Жаңа өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы Атамекен және Жылы су ауылдық округтерінде төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету уақытын қысқарту, өрт оқиғаларының алдын алу және авариялық-құтқару жұмыстарын тиімді жүргізу мәселелері ерекше маңызға ие. Себебі, аталған екі округ аумағында орналасқан 15 елді мекенде 3559 тұрғын үй мен 13 білім беру мекемесі бар.
 
Өрт сөндіру бекетінің негізгі мақсаты – елді мекендерді өрттен қорғау, орын алған төтенше жағдайларға жедел ден қою және тұрғындардың өмірі мен мүлкін сақтауға бағытталған авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру. Осыған байланысты аудан әкімі нысанды заманауи талаптарға сай жабдықтаудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, бекет арнайы байланыс құралдарымен қамтамасыз етіліп, қызметкерлерге арналған демалыс бөлмесі мен оқу-жаттығу кабинеті қарастырылуы тиіс екенін ескертті.
 
Қазіргі таңда Жетісай ауданында 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі және 2 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Бұл құрылымдарда 8 арнайы техника мен 90-ға жуық сарбаз тәулік бойы қызмет атқарып, төтенше жағдайлардың салдарын жоюда және қызыл жалынмен күресте маңызды міндеттерді орындап келеді.
 
Жаңа бекеттің ашылуы өңірдегі өрт қауіпсіздігі жүйесін одан әрі нығайтып, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба болмақ. Сонымен қатар, бұл бастама төтенше жағдайлар қызметінің жұмыс тиімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғаудағы сенімді қорғаныс тетіктерінің біріне айналады.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі