МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастырумен, «23 маусым– Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесіне орай, «Нашақорлық және есірткіге қарсымыз» атты ұранымен ауданының мемлекеттік қызметшілері арасында спартакиада өтті.
Ұйымдастырушылар бекіткен ережеге сәйкес спорттың 7 түрінен өткен іс-шараға аудандағы 225 мемлекеттік қызметші қатысып, өзара бақ сынасты. Қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткен шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Серік Үсенұлы
Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов арнайы қатысып, әріптестеріне сәттілік тіледі.
Өзара тартысты өткен жарыстың қорытындысымен үстел теннисінен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев жеңімпаз атанса, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев ІІ орынды, Абай ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Әбілда Достияр ІІІ орынды иеленді. Ал, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сұңғат Амангельдиев пен Қазыбек би ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Мутаев «Үздік ойыншы» атанды.
Одан бөлек, ләңгі тебу жарысы бойынша ІІІ орынды Жылы су ауылдық округінің әкімі Абзал Әлдешов алса, ІІ орын Абай ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Оңғарбай Әбдікерімге, жүлделі І орын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетовке бұйырды.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер арасында кіші футболдан ІІІ орынды Асықата кенті мен Қазыбек би, Жаңа ауыл ауылдық округтерің құрамасы иеленсе, II орын Қызылқұм, Мақталы, Абай ауылдық округтерінің теңбіл доп шеберлеріне, І орын аудан әкімі аппараты мен Жетісай қаласы, аудандық мәслихат аппараты мен аудандық сайлау коммиссиясының құрама командасына бұйырды.
Жарыстың арқан тарту түрі бойынша Асықата, Қазыбек би және Жаңа ауыл ауылдық округтерінің қатысушылары ІІІ орынға табан тіресе, ІІ орынды Қызылқұм, Мақталы, Абай ауылдық округтерінің қызметкерлері місе тұтты. I орын Жылы су, Ынтымақ және Қарақай ауылдық округтері мықтыларының қанжығасына байланды.
Сондай-ақ, асық ату бойыншы ІІІ орынды Нұрлыбек Қазақбаев, ІІ орынды Арман Берниязов, І орынды Айнабек Тәжібаев иеленсе, гір тасын көтеріп жарысушылардың ішінен Жасұлан Пірімқұл ІІІ орынға, Нұбақыт Қазыханов ІІ орынға, Бекжан Әбдіразақ І орынға табан тіреді.
Волейболдан қыздар арасында өткен жарыстың қорытындысы бойынша әдемі ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарын қапы қалдырған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен ауыл шаруашылы және жер қатынастары, кәсіпкерлік бөлімдерінің командасы ІІІ орынға, Қызылқұм мен Жаңа ауыл ауылдық округінің командасы ІІ орынға, ал, аудан әкімі аппараты, Жетісай қаласы мен Ж.Ералиев ауылдық округінің командасы жүлделі І орынға ие болды. Ойын барысында ерекше көзге түсіп, жанкүйерлердің көзайымына айналған Қарлығаш Аманова «Үздік ойыншы» атанса, Адина Шойғараева «Үздік қорғаушы», Әсел Затулла «Үздік шабуылшы» және Аружан Кудиярова «Үздік доп ұзатушы» номинацияларына ие болды.
Спартакиада қорытындысымен жеңімпаз атанған жекелеген ойыншылар мен командаларға, үздік қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен медальдар, кубоктар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі