ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан көлемінде кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, оған 1800-ге тарта мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен белсенді жастар қатысты.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасына сәйкес өткен ауқымды тазалық шарасының негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, елді мекендердің көркеюіне үлес қосу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру болды. Сенбілік барысында қатысушылар жол жиектері мен ішкі көшелерді тазалап, саябақтар мен скверлердің аумақтарын ретке келтірді.
Сонымен қатар, қоғамдық орындардағы шөптер шабылып, жол бойындағы және жаяу жүргіншілер аймақтарындағы бардюрлер сырланды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендердің келбеті жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға тағы бір қадам жасалды.
Тазалық акциясына белсенді қатысқан жастар қоршаған ортаны қорғау мен туған жерге жанашырлық танытудың маңыздылығын көрсетті. Олар тұрғындарды қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және экологиялық бастамаларды қолдауға шақырды.
Мұндай игі шаралар қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың бірлігін нығайтып, туған өлкенің дамуына деген ортақ қамқорлықты арттырады.
«Таза ортаны әрбір азаматтың денсаулығы мен жайлы өмір сүруінің кепілі» деп білетін жетісайлық тұрғындар табиғатты аялау мен тазалықты сақтау ісіне белсенді атсалысып, үлгілі азаматтық ұстанымдарын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі