БАЛАЛАРДЫҢ КҮЛКІСІ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ: АУДАН ӘКІМІ БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
Балалардың шат күлкісі мен жарқын болашағы – кез-келген қоғамның басты құндылығы. Жас ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алып, алаңсыз өсуіне жағдай жасау мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болса, бұл іске жергілікті атқарушы билік те ерекше көңіл бөліп келеді.
Осы мақсатта аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов арнайы ескертусіз Асықата кентіндегі бірнеше балабақшаны аралап, ондағы тәрбиеленушілерге жасалған жағдайлармен танысты. Аудан басшысы мекемелердің материалдық-техникалық базасын көріп, тәрбиешілермен және қызметкерлермен тілдесті. Балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударып, сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мекемелердің күнделікті қызметіне қатысты өзекті мәселелердің шешілу жолдарын талқылады. Әрбір ұсыныс пен өтінішке мұқият құлақ асып, балаларға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Аудан басшысы балабақшаларда тек ересектермен ғана емес, бүлдіршіндермен де еркін әңгімелесіп, олардың арман-мақсаттарын тыңдады. Болашақта дәрігер, ұстаз, әскери қызметкер, ғалым болуды армандайтын кішкентай жеткіншектердің шынайы әңгімелері мен балалық тілектерін айтқан бүлдіршіндермен естелік суретке түсіп, жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ, Серік Үсенұлы балабақша тәрбиеленушілері мен «Үміт ұясы» қимыл-тірек қозғалысы бұзылған балаларға арналған күндіз болу орталығында қызмет алатын 400-ге тарта бүлдіршінге өз атынан тегін балмұздақ үлестірді. Күтпеген сыйлық балалардың қуанышын еселеп, жүздеріне шаттық сыйлады.
Айта кету керек, аудан әкімінің бұған дейін де мұндай қайырымдылық және әлеуметтік қолдау шараларына атсалысып, өз атынан демеушілік жасап, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау білдіріп, түрлі мерекелер қарсаңында бүлдіршіндерге сый-сияпаттар тарту етіп келе жатқаны тұрғындарға жақсы таныс. Сонымен қатар, білім, мәдениет және спорт салаларындағы бірқатар игі бастамаларға қолдау көрсетіп, балалардың жан-жақты дамуына бағытталған шаралардың жүзеге асуына үлес қосып келеді.
Осындай игі істер арқылы жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, олардың қуанышын бөлісу – қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайтудың жарқын үлгісі. Өйткені, балаға жасалған қамқорлық – болашаққа салынған ең құнды инвестиция. Ал, балалардың шат күлкісі мен бақыты – ел ертеңінің сенімді кепілі.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі