ӨЗБЕКСТАНМЕН МАҢЫЗДЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

ӨЗБЕКСТАНМЕН МАҢЫЗДЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
ӨЗБЕКСТАНМЕН МАҢЫЗДЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңіраралық қатынастарды нығайту жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысында өткен «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумына қатысты.
 
Қос елдің арасында өткен іскерлік диалог алаңында 200-ге тарта кәсіпкер мен инвестор бас қосып, өңіраралық сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады.
 
2 күнге созылған басқосуда Түркістан облысының Қазығұрт, Сауран, Сарыағаш аудандарымен қатар Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов та Ташкент облысының Паркент ауданы әкімдігімен маңызды меморандумға қол қойды.
 
Меморандум аясында алдағы уақыттарда қос аудан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізіліп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және логистика салаларында қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлікті қолдауға және екі аудан кәсіпорындары арасындағы кооперацияны кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады. Бұл өз кезегінде Жетісай ауданының экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өзара инвестиция көлемін ұлғайтуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
 
Айта кетейік, Жетісай ауданына инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бірқатар ірі жобалар қолға алынып, аумағы 59 га құрайтын арнайы «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құрылған.
 
Аталмыш аймақта соңғы 30 жылда салынбаған жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын заманауи 9 зауыт салынуда. Жыл соңына дейін аталмыш өндіріс орындарында 1200-ге тарта тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде.
 
Одан бөлек, жалпы ауданы 1 га құрайтын шағын өндірістік паркінде құны 210 млн теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орны іске қосылып, 100-ге тарта азамат жұмыспен қамтылатын болады.
 
Соңғы 5 жылда 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған ауданда іске қосылатын индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды. Осылайша ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылы 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі