МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ
Елдік пен егемендіктің айқын белгісіне айналған мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған «4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Исмайлов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, жастар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Мерекелік жиын Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталып, көк Туымыз көкте желбіреп, ел рухын асқақтатты. Қатысушылар Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі саналатын мемлекеттік рәміздердің маңызына ерекше тоқталып, олардың ел бірлігі мен ұлттық рухты нығайтудағы орны туралы кеңінен сөз қозғады. Рәміздеріміз халқымыздың өткені мен бүгінін, болашағы мен рухани тұтастығын бейнелейтін қасиетті құндылықтар екенін атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің тұғыры, егемендігіміздің айғағы. Көк байрағымыз әлемдік ареналарда желбіреген сайын жүрегімізді мақтаныш кернейді. Елтаңбамыз бен Әнұранымыз – елдігіміздің символы. Әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді өзінің азаматтық парызы деп білуі тиіс. Өйткені, рәмізге деген құрмет – елге деген құрмет» деді Айдос Бақытжанұлы.
Көпшілікке ерекше рух сыйлап, елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттыра түскен іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, аудан өнерпаздары арнайы концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні – ел тарихындағы ерекше маңызы бар мерекелердің бірі. 1992 жылдың 4 маусымында мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамыз, Әнұранымыз ресми түрде бекітіліп, еліміздің жаңа тарихи кезеңі басталған болатын. Бүгінде көк байрағымыз халықаралық жарыстар мен әлемдік мінберлерде желбіреп, Қазақстанның беделі мен абыройын асқақтатып келеді.
Елдік рухты көтерген мерекелік шара аудан тұрғындарына ерекше әсер сыйлап, жастардың бойындағы патриоттық сезімді нығайта түсті.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі