НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу шаралары бүгінгі күннің ең өткір мәселелерінің бірі болып отыр. Соңғы он жылда еліміздегі нашақорлар тобы молайып, жастар арасындағы есірткіге құмарлар қатары артып, басым бөлігін отыз жасқа дейінгі азаматтар құрайды. Бұл жағдай күннен-күнге есірткі пайдаланушылардың «жасарып» келе жатқандығын дәлелдейді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында тұрған мәселе бойынша Жетісай ауданында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб құрылып, тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен аталмыш штабтың кезекті отырысына қатысқан құзырлы орган өкілдері мен штаб мүшелері нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметтерді үйлестіру жұмыстарына тоқталды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – аудан аумағындағы есірткі заттарын алып кіру жолдарын анықтау және жолын кесу, алдын алу, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресудегі ішкі істер және басқа да мемлекеттік органдардың профилактикалық бірлескен іс-шаралары аясында бекітілген медиа-жоспар, интернет алаяқтық қылмыстары мен лудоманияға қарсы күресті күшейту жұмыстары жайлы аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Мейірхан Құрбанбаев баяндама жасаса, аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиева жалпы білім беру ұйымдарының жоғарғы сынып оқушылары арасында темекіге тәуелділік пен әлімжеттікке, ертежүктілікке қарсы түсіндірме жұмыстарының жүйелі жүргізіліп отырғанын айтты. Аталмыш жұмыстарға тек педагогтар ғана емес, ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де жұмылдырылған.
Сонымен қатар, аудандық «Жетісай» орталық ауруханасының бас дәрігері Бағила Утеулиева психикалық белсенді заттарға тәуелді науқастарға арналған наркологиялық көмек көрсету орталығының қызметімен таныстырды.
Жиын соңында айтылған ұсыныс-пікірлер талқыланып, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Нашақорлықты емдеуден оның алдын алу жеңілірек екені айтылып, профилактикалық шараларды күшейтуде тиімді барлық ресурстарды пайдалану ұсынылды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі