«ЖЕТІСАЙ СПОРТ КЛУБЫНЫҢ» 5 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР – ЖАС ТАЛАНТТАРДЫҢ ЖАРҚЫН БӘСЕКЕСІ
Жетісай өңірінде бұқаралық спортты дамыту, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастыру және халықаралық деңгейдегі достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ауқымды спорттық дода бастау алды. Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» мекемесі мен «Ой-қамшы» әдеби-тарихи жобасының ұйымдастыруымен 2013 – 2014 жылы туылған жасөспірімдер арасында халықаралық турнирдің шымылдығы түрілді.
«Жетісай спорт клубы» мекемесінің 5 жылдығына арналған жарысқа Түркістан, Шымкент, Кентау қалаларынан, сондай-ақ, Шардара, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Төлеби және Жетісай аудандарынан, көршілес Өзбекстан Республикасынан келген 12 командада 220-ға жуық жас спортшы жасыл алаңда бақ сынап, өзара мықтыны анықтайтын болады.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Жетісай спорт клубы» мекемесінің директоры Таласхан Битөреев, Ордабасы және Мақтаарал аудандарының құрметті азаматы, сот саласының үздігі Құнанбай қажы Мұсаев, Ауған соғысының ардагерлері мен спорт саласының ардагерлері қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған қонақтар жас спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстардың жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруда, тәртіп пен төзімділікке тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел болашағы саналатын жастардың дені сау, рухы мықты болып қалыптасуына спорттың қосар үлесі ерекше екендігі айтылды.
«Әке – асқар тау, бала – биікке самғаған қыран» ұранымен Жетісай және Мақтаарал аудандарының Ауған соғысы ардагерлерінің қолдауымен өтіп жатқан халықаралық турнир тек спорттық жарыс қана емес, ұрпақтар сабақтастығын, отансүйгіштік пен достықты дәріптейтін тағылымды шараға айналды. Қатысушылар төрт топқа бөлініп, Жетісай қаласындағы «Қ.Мұңайтпасов» атындағы орталық стадион мен Атакент кентіндегі «Алпамыс батыр» атындағы орталық стадионда өзара кездесулер өткізуде.
Тартысқа толы бәсекеде жас футболшылар өздерінің шеберліктерін, командалық үйлесімділіктерін және жеңіске деген жігерлерін көрсетуде. Әрбір матч жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлап, спорт мерекесінің көркін қыздыра түсті.
Жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын турнир жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндік пен тәжірибе алаңына айналмақ. Мұндай халықаралық деңгейдегі жарыстар өңір спортының дамуына тың серпін беріп қана қоймай, талантты жастардың танылуына жол ашады.
Бүгінде «Жетісай спорт клубы» мекемесі аудан спортының дамуына елеулі үлес қосып, көптеген жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап келеді. Клубтың 5 жылдық мерейтойына арналған бұл халықаралық турнир – мекеменің нәтижелі жұмысының айқын дәлелі.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі