КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТТІК ДАЙЫНДЫҚТАРЫ ТЕКСЕРІЛІП, МЕРЕКЕЛІК МАРАПАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып жүрген құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің, шекарашылардың жеке құрамының саптық дайындығын бағалау, «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» және «9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні» мерекесімен құттықтау мақсатында гарнизондық саптық байқау өтті.
Аталған іс-шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков пен Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы Асқар Аяғанов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Баймахан Баһарам арнайы қатысып, бөлімшелердің сапта тұру тәртібін, бұйрықтардың нақты және үйлесімді орындауын, жеке құрамның сыртқы келбеті мен саптық мәдениетінің белгіленген талаптарға сәйкестігін, қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін көрді.
Қос мерекемен құттықтап, мерекелік күндерде сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. Сала қызметкерлері мен ардагерлерін мерекелік алғыс хаттармен марапаттап, бірқатар полиция қызметкерлерінің шені өсті.
«Алдағы мереке күндері қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекарамыздың бұзылмауын қадағалау – аса маңызды міндет. Бұл жауапты міндет, ең алдымен, полиция қызметкерлеріне, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары мен шекарашыларымызға жүктелетіні белгілі. Сіздердің тәулік бойы атқарып жүрген еңбектеріңіз – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі» деді аудан әкімі.
Аталмыш шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен ауданның бас полицейі Мұрат Ермеков те сала мамандарына артылған сенім мен жауапкершіліктің үлкен екенін айтып, арнайы марапаттарын табыс етті.
Саптық байқау жеке құрамның ұйымшылдығын арттырып, қызметтік міндеттерді орындау барысында жоғары тәртіп пен бірізділікті сақтаудың маңыздылығын, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтардың сақадай сай екенін көрсетті. Мұндай іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстардың құрамдас бөлігі болып табылады.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі