ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ
 
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті.
Жиынға құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары, комиссия мүшелері, психолог мамандар қатысты.
«Бүгінгі күні балалар – қоғамның әлсіз қорғалған өкілдері болғандықтан, ерекше қорғауды қажет етеді. Сондықтан, балаларға қолайлы жағдай жасау мен олардың әр уақытын тиімді пайдалануын назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Қоғамда өсіп келе жатқан ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерге қауіпсіз және қолдау көрсетілетін ортада дамуға мүмкіндік беру – біздің басты мақсатымыз» деген аудан басшысы өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстың 2-ден 9 ға өскен, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс 13-тен 12 ге азайған, ерте жүктіліктің 9 дерегі (2024 жылы 10 дерек), өз-өзіне қол жұмсаудың 5 фактісі (2 ақталған, 3 оқталған) тіркелгенін, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өткен жылы жыл бойы 40 жәйті тіркелсе, биылғы 5 айда 12 жағдайдың тіркелгенін айтты.
Алқалы жиын барысында аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Жомарт Ғаппаров кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар мен құқықбұзушылықтар, оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын-алу шаралары мен 5 айдың қорытындысы жайлы баяндама жасап, алдағы атқарылар жұмыстардың жоспарымен таныстырса, кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктілік деректері мен алдын алу шаралары аясында 2025 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар, жүзеге асырылатын жоспарлар бойынша аудандық «Жетісай» орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары мен аудандық «Асықата» орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасарының баяндамалары тыңдалды.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков биылғы жылдың 5 айында кәмелетке толмағандар арасында орын алған суицид фактілері мен олардың алдын-алу бағытында педагог-психологтар тарапынан жүргізілген жұмыстардың барысын таныстырса, «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің басшысы Ақбаян Жақыпова қоғамда жиі кездесетін тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және өмірлік қиын жағдайдағы отбасылармен жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Атқарылған жұмыстардың барысы мен жіберілген кемшіліктер бойынша айтылған ұсыныс-пікірлер талқыланып, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Еркін форматта өткен жиынды қорытындылаған Серік Үсенұлы тиісті сала басшыларына есепте тұрған, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмағандардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, жазғы жомылу маусымында балалардың қауіпсіздігін бақылау, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруды, кешкі және түнгі беймезгіл жүрістеріне рейдтік шаралар ұйымдастыру, кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын-алу шараларының жүргізілуі мен мектеп психологтары жұмыстарының сапасын арттыру бойынша тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі