2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы ретте, аймақта жұмысшы мамандықтар бойынша білім беру сапасын арттыру, жастарды кәсіптік бағдарлау және еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандарды даярлау жұмыстары жүргізіліп, техникалық және кәсіптік білім беру саласы дамып келеді десек болады. Оған дәлел, Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі.
Жалпы 1963 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан арнаулы орта білім беру ордасы 1200 балаға шақталған. Қазіргі таңда мұнда 641 бала білім алуда. Мекемеде 400 балаға шақталған жатақхана, арнайы мамандықтарды оқытуға қажетті құрылғылармен жабдықталған кабинеттер мен цехтар қарастырылған. Бүкіл ғимарат орталықтандырылған бейне-бақылау камерасымен қамтылған.
Аудан әкімі
Аскар Естибаев ғимаратты жауапты мамандармен толық аралап, білім ошағының бүгінгі жағдайын бақылады.
Жалпы колледж 11 мамандық бойынша студенттар дайындайды. Соның ішінде бесеуі жұмысшы мамандығы. Қалғаны атаулы мамандық болып саналады. Колледжде автокөлікті жөндеу және пайдалану деген мамандық бар. Келешекте бұл мамандықты оқыған студенттер автокөлік жөндеу слесарьі болып шығады. Білім беру ордасында студенттерді бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығы, электромонтер мамандығы, тігінші, автослесарь, тағам өндірістік технологиясы, дәнекерлеуші мамандығы, туризм, қонақ үй шаруашылығы бойынша білім алуда.
2020 жылы аталған колледж жанынан «Жас маман» жобасы аясында өңірде алғашқылардың бірі болып «Автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу» және «Автомобиль құрылымы» лабараториялық кластар мен бірнеше жұмыс орындары ашылған. Бұл жерде технология,электротехника және еңбек қорғау кабинеттері жасақталып,білім алушылар заманауи технологиялық өндірістік сала және механизмдер мен машиналардың электрқұрылғылары жөнінде терең білім ала отырып,өндірістік санитария талаптарын игеруде.
Сонымен қоса, аудан басшысы колледждің жатақхана ғимаратының бірінші қабатында орналасқан облыстық балаларды психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің жұмысымен танысып, қызмет көрсету сапасын бақылады.
Қазіргі таңда аталған орталықта 15 арнайы маман және 10 техникалық қызметкер екі аусымда 95 балаға жекелей және топтық оқыту қызметін көрсетуде.
Айта кетерлік, өткен жылы оқу орнынан 104 бала арнаулы орта білім дипломын алып, соның 70 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.