Алаяқтардың кезекті әрекеті: қазақстандықтарды мобильдік байланыс операторларының және мемлекеттік органдардың бірыңғай байланыс орталығының атынан түскен қоңыраулар мазалауда
Ыбырай атамыздың «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңіндегі
«... айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» байланыс құралы – телефон бүгінгі таңда қауіпті құралға айналып отыр, одан түскен бір қоңыраудың салдарынан бүкіл жиған-тергеніңнен айырылып қалуға болады.
Fingramota.kz мобильдік нөмірге бір қоңыраудың нәтижесінде азаматтарымыздың ақшасынан қалай айырылатыны және оның алдын алып, өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін не істеу керектігін айтып береді.
Не болды?
Соңғы бірнеше күннің ішінде қазақстандықтарға мобильдік байланыс «операторларынан» түскен қоңыраулар жиілеп кетті, олар ұялы телефонның SIM-картасының мерзімі аяқталғанын және тиісті шартты ұзарту қажеттілігі жөнінде хабарлайды. Жалған оператор телефон картасының қолданыс мерзімін ұзартуды ұсынады, кері жағдайда ұялы телефонның нөмірі сағат 00.00-де бұғатталады-мыс. Үрейленген абонент онымен келіседі және оған әрі қарай не істеу қажеттілігі жөнінде нұсқау түседі.
Бірінші кезекте «оператор», назар аударыңыз, egov.kz. бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірінен СМС-хабарламамен келетін «талонның кодын» айтуды сұрайды. Алаяқтардың бұл нөмірді таңдауы кездейсоқ емес, өйткені бұл нөмір қазақстандықтарға бұрыннан белгілі.
Аңғал азаматтар смс-хабарламамен келген код нөмірін айтады және
«оператор» өзінің «құрбанын» ары қарай алдарқатып, өз дегенін істетеді. Мысалы, жүйеде ол кредит ресімдеуге әрекет жасалғанын көреді, енді ол қай банкте және абоненттің кредитті қандай сомаға ресімдемекші болғанын анықтайды. Ең бастысы, олар «құрбанына» кредитті заңсыз ресімдеу мүмкіндігін болдырмау үшін банктерге сұраныстар жіберетініне сендіреді. Абонент көмек көрсеткені үшін алғыс айтады, ал алаяқтар, өз кезегінде, барлығы белгілі болғаннан кейін қайта қоңырау шалуға рұқсат сұрайды. Абонент келіскен кезде телефонды ажыратпауды, қоңырауларға жауап беруді және олардың нұсқауларын қатаң сақтауды сұрайды.
Әрі қарай абонентке сіздің атыңыздан кредит ресімдеуге өтінімнің ресімделгені не ресімделмегені туралы сұрақпен «банктен қоңыраулар» түсе бастайды. Клиентте қандай да бір күдік туындайтын жағдайда оған банктен ресми құжат деп алдап, мөр, қолтаңба қойылған және заңсыз кредит ресімделгенін растайтын тиісті мәтін көрсетілген жалған үзінді көшірме жібереді. Алданған адам сеніп қалады және қатаң түрде нұсқауларды орындайды.
Сондай-ақ, алаяқтар психологиялық тұрғыдан әсер етеді: жәбірленушіге ақпараттың аса конфиденциалды екенін және тіпті қарулы органдарының іске қосылатынын, әңгімелер жария болған жайдайда сыбайлас адам ретінде жауапқа тартатынын, қылмыстық іс қозғалатынын айтып, туыстары мен достарына қоңырау соғуға тыйым салады.
Жәбірленуші мен алаяқтардың мұндай келіссөздері 2 сағаттан 5 сағатқа дейін созылады. Осы уақыт бойы адам қорқыныш пен алаңдаушылықты бастан кешіп, қысымға ұшырайды. Осы уақытта алаяқтар кредиттер ресімдейді және барлық байланыс тоқтайды. Кейбір адамдар бірте-бірте қателік жасағанын түсініп, әрекет ете бастайды. Кейбіреулер біраз уақыт өткеннен кейін ғана, яғни бірнеше күннен бір айға дейінгі уақытта, оның өзінде аталмыш кредиттерді төлеу мерзімі кешіктірілгені анықталғаннан кейін өздеріне қарыз ресімделгенін біледі.
Қандай шаралар қабылдау қажет?
Егер кредит кредитоматтарда ресімделген болса, оларда бейнекамералар орнатылған, оның жазбалары арқылы алушыны идентификаттауға болады.
Егер бұл онлайн-қарыз болса, онда полиция IP бойынша қаскүнемдерді анықтай алады.
Кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңіз бойынша алаяқтар алғаны туралы айғақтар таба алмаса, тұрғылықты мекенжай бойынша мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арызбен жүгіну қажет.
Сот сіздің пайдаңызға шешім шығарған жағдайда, кредиттік ұйым:
- сізден борышты төлеуді талап етуге;
- берешекті есептен шығаруға;
- сіздің кредиттік тарихыңыздан бөтен адамның қарызы бойынша ақпаратты шығару туралы хатты жіберуге тиіс.
Кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеңіз. Жақында біз осы қызметті қалай орнату қажет екендігі туралы жаздық https://www.fingramota.kz/kk/post/kreditterden-erikti-bas-tartu-is-imyl-algoritmi
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қарыз алушы кредит ресімдеуден ерікті түрде бас тарту болған жағдайда кредиттік ұйым берген кредитті өтеуден босатылатын болады.
Телефоныңызға екі кезеңдік верификацияны орнатып қойыңыз, ол сіздің құпиясөзіңіз біреуге мәлім болған жағдайда да, сіздің есептік жазбаңызға деген қолжетімділікке өзіңіз ғана ие болатындай қауіпсіздіктің қосымша деңгейін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Өзіңізге, жақындарыңызға қамқор болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Кредит – үлкен жауапкершілік: төлем мерзімін өткізіп алсаңыз не істеу керек
2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың кредиттер бойынша проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай және міндетті тәртібі заңнамалық түрде енгізілді және осы сәттен бастап 1,5 млн қарыз алушыға кредит беру шарттарының талаптары өзгертілді.
Fingramota.kz қарыз алушыда кредит бойынша мерзімін өткізіп алу пайда болған жағдайда оның іс-әрекеттерінің алгоритмін еске салады.
Егер қарыз алушы кредит бойынша өз міндеттемелерін орындай алмайтын болса, онда ол, бірінші кезекте, мерзімін өткізу басталған күннен бастап 30 күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін жазбаша өтінішпен немесе шартта жазылған өзге тәсілмен оған қызмет көрсетілетін банкке немесе МҚҰ-ға жүгінуге тиіс.
Өз өтінішінде қарыз алушы мыналарды:
- өз міндеттемелерін орындамау себептерін;
- бұдан былай кредитін өтеу бойынша өз нұсқаларын көрсетуге тиіс.
Өтінішке міндетті түрде сіздің қаржылық жағдайыңыздың нашарлауын растайтын құжаттарды қоса беру қажет: бұл сіздің қаржылық және әлеуметтік жай-күйіңіз туралы ақпарат, өз міндеттемелеріңізді толық көлемде орындауға мүмкіндік бермейтін кірістеріңіздің төмендеуі немесе болмауы және басқалар болуы мүмкін. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болады.
Қарыз алушы барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін банк немесе МҚҰ өтінішті қарау рәсімін бастайды, бұл ретте, ол қарыз алушының ағымдағы қаржылық және әлеуметтік жай-күйін (төлем қабілеттілігін), кепілге қойылған тұрғын үйінің жалғыз болуын, мерзімін өткізу басталғанға дейін қарыз бойынша міндеттемелерді уақтылы орындауын ескереді.
Банк немесе МҚҰ 15 күнтізбелік күн ішінде қарыз алушыға:
- шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қабылдау арқылы келісетіні туралы;
- шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын бере отырып;
- себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тартатыны туралы жауап беруге тиіс.
Заңнамаға сәйкес қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізуде мыналар көзделеді:
- қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
- негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
- берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгерту;
- қарыз мерзімін өзгерту;
- мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны жою, айыпақыны (айыппұл, өсімпұл), комиссияларды және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді кешіру;
- ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің өз бетінше өткізуі;
- банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру арқылы қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін беру;
- қарыз шарты бойынша міндеттемені сатып алушыға бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату.
Егер өзара қолайлы нұсқа табылмаса, қарыз алушы не істеуі керек?
Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса не кредитор мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімдерін жүргізбесе және дәлелді негіздемелер ұсынылмаса, қарыз алушы кредитордың шешімін алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы.
Назар аударыңыз! Қарыз алушы өзінің өтінішіне кредиттік ұйымға жүгінгені және онымен өзара қолайлы шешімге қол жеткізе алмағаны туралы дәлелдемелерді қоса беруге тиіс. Қарыз алушының өтініші негізінде Агенттік банкке немесе МҚҰ-ға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық жасайды.
Егер қарыз алушы кредиттік ұйымға жүгінбесе не болады?
Бұл жағдайда кредитор төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты шаралар қолдануға:
- жәрдемақылар, алименттер, тұрғын үй төлемдерін, нотариус депозитінің талаптарына енгізілген ақша, білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ақшаны алуға арналған арнайы шоттарды қоспағанда, қарызды өтеу шотына борышкердің шотынан қаражат алуға;
- берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге коллекторлық агенттікке беру немесе талап ету құқығын үшінші тұлғаларға беруге құқылы.
Қарыз алушы қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауды кешіктіруге жол берген кезде қарыз шартында кредиттік ұйымның коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және коллекторлық агенттікке реттеуге беруге жол беріледі.
Бұдан басқа, кредиторлар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот барлық мән-жайларды, оның ішінде кредитор мен қарыз алушының берешегін реттеу бойынша барлық шаралар қабылданғанын ескеретін болады.
Есіңізде болсын, бұл жағдайдан дұрыс шыға білу қарыз алушының ғана емес, кредиттік ұйымның да мүддесі үшін қажет. Сондықтан, қандай жағдай болса да кредитордан жасырынбаңыз. Мерзімі өткен берешекті өтеу шараларын неғұрлым ертерек ойластырсаңыз, соғұрлым берешекті өтеудің өзара қолайлы нұсқасы тез табылады.
Тағы нені білу маңызды?
Биыл 19 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған негізгі жаңалықтар туралы біз «Жаңа заң: негізгі ережелер туралы айтамыз» материалында толығырақ айтып өттік.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Қаржылық алаяқтықпен күрес: жаңа заң және азаматтарды қолдаудың жаңа әдістері
Fingramota.kz «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын және атқарушылық іс жүргізуді реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелері туралы түсініктеме беруді жалғастырады.
Өткен жарияланымда біз қарыз алушыларға қолда бар кредиттер бойынша қарыздарды көбейтпеуге немесе борышты төмендетуге, коллекторлық нарықта және банк омбудсманында қандай өзгерістер болғанын, сондай-ақ әскери қызметшілер үшін кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу жөніндегі шараларды қарастырдық.
Бүгін Fingramota.kz қаржылық алаяқтық саласындағы заңнамалық новеллалар жөнінде айтып береді. Жаңа заң клиентті биометриялық идетификаттаусыз онлайн қарыздар беруге тыйым салады. Егер де сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, бұдан былай ақпараттық және киберқауіпсіздікті сақтамағаны үшін банк немесе МҚҰ жауап беретін болады.
Бұл неден басталды?
Қаржылық алаяқтықтың күрт өсуі COVID-19 пандемиясы кезінде орын алды, бұл негізінен телефон мен интернеттегі алаяқтық болды. Сол уақытта барлық ірі сауда нүктелерінің жабылуына байланысты тауарлар мен қызметтерді онлайн-сайттарда сатып алу кеңінен қолданылды, бұл жағдайды алаяқтар белгілі маркетплейстердің клондық сайттарын құру арқылы өз пайдасына шешті.
Интернет желісінде карантиндік шектеулерге байланысты жылдам және кепілді әлеуметтік төлем алуға шақырған көптеген ақпараттар пайда болды. Бұл орайда шектеулер жөнінде толық ақпараттың болмауына және интернет-банкингті қолдана алмайтын азаматтарымыз алаяқтардың құрбандарына айналды. Соңғы екі жылда қаржылық алаяқтықтың өсуі жалған банктік қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу, сондай-ақ азаматтардың шоттарынан, көбінесе олардың депозиттерінен қаражат алу арқылы кредиттеу саласында байқалады.
Не істелді?
2021 жылғы мамыр. Агенттік онлайн-микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды идентфикаттау тәртібін белгіледі. Ендігі жерде онлайн-микрокредит беру кезінде микроқаржы ұйымы клиентті идентфикаттауды үш тәсілдің бірімен жүргізуге міндетті: электрондық цифрлық қолтаңба арқылы, Ұлттық Банктің Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының сервисі арқылы қарыз алушыны биометриялық идентфикаттау арқылы не дербес деректерді және нақты уақыт режимінде қарыз алушының бейнесін екі факторлы тексеруді қолдану арқылы.
2022 жылғы қаңтар. МҚҰ-ға клиент көрсеткен абоненттік нөмірді ұялы байланыс операторының дерекқорымен салыстырып тексеру немесе клиенттің ЖСН-ін «электрондық үкімет» веб-порталындағы ұялы телефондар нөмірлерінің базасында салыстырып тексеруді жүзеге асыру міндеттелді. МҚҰ қарыз алушыны екі факторлы биометриялық идентификаттауды жүргізе бастады. Бұл жеке деректерге қол жеткізу және жеке басын растау үшін аутентификациялық деректердің – пароль + SMS-хабарлама екі факторы қолданылады дегенді білдіреді.
2023 жылғы шілде. Агенттік «Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы» ЗТБ-мен және 18 банкпен бірлесіп Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және алаяқтық кредиттерді ресімдеу кезінде туындаған берешекті реттеу жөніндегі меморандумға қол қойды. Тараптар банктер қосымшаларының кибер - және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, биометрияны міндетті тексеру және өтініш берушінің ұялы телефон нөмірін ұялы оператордың деректерімен, сондай-ақ қарыз ресімделетін тұлғаның нақты мобильдік нөмірімен салыстырып тексеру жөнінде уағдаласты.
Меморандумда сондай-ақ банктердің алаяқтық қарыздар бойынша күнтізбелік үш күн ішінде сыйақы есептеуін, талап-арыз жұмысын тоқтата тұруы, құқық қорғау органдары мен соттың шешімдері негізінде мұндай қарызды есептен шығару туралы талап жазылған.
2023 жылғы қазан. Үкімет байланыс, төлемдер мен ақша аударымдары және тұтынушылық онлайн кредиттеу саласындағы реттеуді қатаңдатуға бағытталған кредиттік алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасын бекітті. Байланыс операторлары телефон нөмірлерін ауыстырудың алдын алу бойынша, сондай-ақ SIM карталарды беру/ауыстыру кезінде адамды тиісінше тексермегені, сондай-ақ тіркелмеген SIM карталарды пайдалану талаптарын орындамағаны үшін жауап беретін болады. Банктер мен МҚҰ-ға қашықтан қаржылық көрсетілетін қызметтер ұсыну үшін өз қосымшаларының ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар белгіленді. Клиент жүргізіліп жатқан операцияны қосымша растауы және онлайн режимде хабарлауға тиіс. Клиенттің құрылғысын қашықтан басқару анықталған жағдайда операция бұғатталады.
Жол картасында кредиттік бюроларға мүдделі қаржы ұйымдары мен олардың клиенттерін хабардар ете отырып, кредиттік алаяқтықты, өзге де заңсыз қызметті анықтаудың онлайн жүйесінің болуы бойынша талаптар белгіленді.
Азамат микрокредитті заңсыз ресімдеу туралы құқық қорғау органдарына жүгінген кезде МҚҰ жалған микрокредит бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұруға және клиент бойынша талап-арыз жұмысын тоқтатуға міндетті.
Ақша қаражаттарымен операцияларды жүзеге асыру сәтінде халықаралық алаяқтық жағдайларын анықтау үшін қосымшада клиенттің геолокациялық деректерінің жазбасы тіркелетін болады.
2024 жылғы ақпан. Азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тарту құқығы заңнамалық түрде енгізілді. Бұл әрбір азамат 6 ай мерзімге банктер мен микроқаржы ұйымдарында жаңа кредиттер алуға тыйым салуды дербес енгізе алатын арнайы қорғау тетігі. Мұндай тыйымды тек қарыз алушының өзі орната алады. Бұл опция қолданылған кезде қарыз алушының кредит тарихында оның кредит алудан уақытша бас тартуға шешім қабылдағаны туралы белгі пайда болады. Банк немесе МҚҰ кредиттік бюролардан деректерді сұрай отырып, осындай шектеу белгісін көреді және клиентке қарыз бермеуге автоматты түрде шешім қабылдайды. Бұл ретте шектеу ломбардтарға, сондай-ақ өз клиенттерінің кредиттік тарихын бағаламайтын басқа ұйымдарға қатысты емес. Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту кредиттік алаяқтардан қорғану болып табылады және egov.kz сайты мен е-GOV mobile қосымшасында қолжетімді болады. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 385 мың азамат кредит алудан ерікті түрде бас тартуды ресімдеді.
Жаңа заң не жайлы?
2024 жылғы 22 шілдеден бастап Ұлттық Банктің Антифрод-орталығын құру туралы норма белгіленді. Орталықтың басты міндеті – алаяқтық операциялар бойынша деректерді жинау, банктердің және МҚҰ-ның нақты уақыт режимінде күдікті операцияларды бұғаттауы.
Енді алаяқтық операцияларды анықтауға және алаяқтық транзакциялар бойынша жедел әрекет етуге, ондай операциялар бойынша қаражатты бұғаттауға, қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға, алаяқтық операциялардың бірыңғай базасын және төлем операцияларының аналитикасын қалыптастыруға және жүргізуге мүмкіндік бар.
2024 жылғы 20 тамыздан бастап клиентті биометриялық сәйкестендіруден өткізбей онлайн банктік қарыздар мен онлайн микрокредиттер беруге тыйым салу заңды тұрғыдан әрекет ететін болады. Сондай-ақ, заңға тәуелді деңгейде Агенттік Интернет арқылы кредит беру кезінде liveness тексеруінің жүргізілуін талап етеді. Liveness - алаяқтар адамның жеке аккаунтына, мысалы банктік шоттарға қол жеткізу мақсатында кіру үшін дауыстық жазбаларды немесе фотосуреттерді қолдануға әрекет жасаған уақытта тірі адамды бетпердеден немесе дипфейктен ажыратуға мүмкіндік беретін технология. Бірақ liveness биометриялық технологиясының арқасында мұндай шабуылдарды болдырмауға болады. Алаяқтардың клиенттердің фотосуреттерін пайдалануын болдырмау үшін клиентке бақылау қозғалыстарын жүзеге асыру қажет болады.
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап кредитті ресімдеуден ерікті бас тартуы болған кезде қарыз алушы кредиттік ұйым берген кредитті өтеуден босатылады. Егер азамат кредит алудан ерікті түрде бас тартса, бірақ осы кезеңде оған кредит заңсыз ресімделген болса, онда, кредитор-банк немесе МҚҰ қарызды есептен шығаруға міндетті болады.
2024 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен МҚҰ-ның кредит ресімдеуге келіп түскен өтініштер бойынша мәліметтерді нақты уақыт режимінде кредиттік бюроға беру міндеті заңнамалық тұрғыдан енгізіледі. Мұндай норма «кредиттік шопингті» - бір мезгілде бірнеше кредиттік ұйымдарда қарыздарды ресімдеуді болдырмау үшін белгіленген.
Бұл норма енгізілгенге дейін қалай болды? 2022 жылғы қазан айына дейін кредит тарихын жаңарту 15 күн ішінде жүзеге асырылды. Банктер мұны тез арада жүргізіп отырды, ал микроқаржы ұйымдары деректерді жаңартуды 15 күнге дейін уақытқа созған жағдайлар орын алды және бұл бұзушылық деп саналмады.
2022 жылғы қазанда банктер мен МҚҰ (кредиттік серіктестіктер мен коллекторлық агенттіктерді қоспағанда) берілген жаңа қарыздар туралы мәліметтерді 1 жұмыс күнінің ішінде міндетті тәртіппен кредиттік бюроларға беретін болды, ал қарыз алушылар туралы алдағы уақыттағы кез келген ақпаратты жаңарты 10 жұмыс күні ішінде жүргізілді. Осылайша, клиенттердің өздері немесе алаяқтар қысқа уақыт ішінде бірнеше қаржы институттарынан несие ала алатын «кредиттік шопинг» жағдайлары азайды. Алаяқтық кредиттерінен басқа, мұндай норма азаматтардың борыш жүктемесін ұлғайтпауға мүмкіндік берді. Егер қарыз алушы кредиттік шоппингпен айналысқан болса, күнделікті есеп борыш жүктемесінің коэффициентін яғни ай сайынғы төлемнің қарыз алушының ресми кірісінің жартысынан және одан жоғары болуын одан әрі анықтауға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, кейіннен туындайтын қиындықтарымен қоса мерзімі өткен берешектің алдын алуға жағдай тудырады. Егер кредитті алаяқтардың ресімдегені белгілі болса, жалған кредитті анықтағаннан кейін қарыз алушы кредиттік ұйымға және құқық қорғау органдарына өтініш беруге тиіс. Өтініште болған жайтты толығымен сипаттап, кредитті ресімдеу фактісі бойынша барлық жазбаша дәлелдерді қоса беру қажет.
Жаңа заң кредиторларды алаяқтық кредиттер бойынша тергеу іс-шараларын жүргізудің барлық кезеңіне сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмысын тоқтата тұруға міндеттейді. Егер сот алаяқтық фактісін анықтаса, банк немесе МҚҰ клиентке қойылатын талаптарды тоқтатуға тиіс.