«АУЫЛ-ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 200-ГЕ ЖУЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

«АУЫЛ-ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 200-ГЕ ЖУЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ
2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Түркістан облысындағы
104 елді мекенде 253 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 18 млрд. теңге бөлінді. 164 нысан бой көтеріп, ел игіліне берілді. Жобаларды жүзеге асыру барысында 3,5 мыңға жуық уақытша жұмыс орындары ашылды.
Құрылысы жүріп жатқан ауқымды нысандар биыл тапсырылады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жүзеге асу барысы жайында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады. Онда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту арқасында ауылдағы өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобаның іске асыру барысы қаралды. Үкімет басшысы Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты - ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Маңызды жоба аясында ауылдарда жолдар жөнделіп, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында 1,1 млрд. теңгеге
10 жобаның құрылысы жүргізілді. Білім саласында 5,4 млрд. теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы атқарылды. Мәдениет пен сапорт салаларында 4 млрд. теңгеге 20 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында 3 млрд. теңгеге 21 жобаның құрылысы басталып, ағымдағы жылы халыққа пайдалануға беріледі. Облыста жол мәселесі өзекті екендігін ескере отырып, 4,4 млрд. теңгеге 168 жоба іске асырылды.
- Осы жылы 143 елді мекенде 294 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 23,4 млрд. теңге жоспарланды. Жобаларды іске асыру аясында 4,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2019 жылдан бастап 52 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жобалар жүзеге асырылды. 58 инфрақұрылымдық, 126 әлеуметтік нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ауылдардағы 1 мың шақырымнан астам ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде, 175 елді мекен тұрғындарының (600 мыңнан астам халық) өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Тұрғындармен кездесу барысында 50 пайыздан астам сұрақтар ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымға қатысты көтеріледі. Облысымызда тұрғындардың 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрғандықтан, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы біздің өңір үшін өте маңызды. Жалпы, жобаның іске асырылуы тұрақты бақылауда,- деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі