ТҮЛКІБАСТЫҚТАРДЫ НЕ АЛАҢДАТАДЫ?

ТҮЛКІБАСТЫҚТАРДЫ НЕ АЛАҢДАТАДЫ?
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түлкібас ауданыа арнайы барып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Өңір басшысы алдымен аудандағы «Түлкібас саясы» емдік - сауықтыру оңалту кешенінің жұмысымен танысты. Тұрғындармен пікір алмасты. Мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, ғимарат салған кәсіпкер 50 адамды жұмыспен қамтиды. Бел омыртқа ауруларын емдейтін жаңа орталық жылына 1500-ден астам адамды қабылдайды.
Ауыл шаруашылығы тауарлары өндірушілер көрмесінде болды. Сондай-ақ мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқан түлкібастықтар қолөнер бұйымдарын жасау мен тәтті өнімдер пісіріп, сатуды қолға алған.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Жанкент» саябағында тұрғындармен негізгі кездесуді өткізді. Халықтың ойын тыңдау — басты мақсат.
— Әкімдердің басты бағыттары – тұрғындардың табысын арттыру, жұмыспен қамту, өмір сүру сапасын арттыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй, сапалы білім мен саналы тәрбие, медициналық көмек және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Міне, бүгін өздеріңізбен жүздесіп, аудандағы көкейкесті мәселелерді бірге талқылап, оның шешу жолдарын қарастыру үшін кездесуге келіп отырмын, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Кездесуде тұрғындар тарапынан тұрғын үй және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мәселелері көтерілді. Қоғамдық көлік санын арттыру туралы айтылды.
Осы күні өңір басшысы бір топ тұрғынды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Тұрғындардың басым бөлігі жеке бастарына қатысты өтініштерін жеткізді. Облыс басшысы тарапынан жауапты тұлғалар нақты тапсырмалар алды.
Түлкібас ауданында 2021 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,2 млрд. теңгені құрады. 24 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 елді мекенде 10 жоба іске асырылды. Састөбе елді мекенінде жаңадан дәрігерлік амбулатория салынды. Аманкелді, Абайыл елді мекендерінде 2 мектептің құрылысы қолға алынған. Т.Рысқұлов елді мекенінде 18,3 шақырым болатын 7 көшеге асфальт салынған. Былтыр 7 елді мекенге инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары басталып, нәтижесінде 4 елді мекенге инженерлік инфрақұрылым тартылған. Биыл 64,5 мың гектарға егін егіледі. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауданға 3 мың тонна жанармай бөлінген. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 104,7 гектар алқапта 100 жоба іске асырылып, бірінші өнім жиналмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі