Желтоқсан айындағы 5 сұрақ

Желтоқсан айындағы 5 сұрақ
  1. Бірнеше жыл бұрын мен зейнетақы қорында шот ашқан едім, бірақ жұмысқа шықпадым. Бұдан кейін  үш жыл бойы ресми түрде еш жерде жұмыс істемедім, сондықтан да жарна аударылмады. Енді ресми түрде жұмысқа шықтым, бірақ маған «жеке зейнетақы шотыңыз» жоқ деді. Сонда менің шотым қайда кетті, әрі оны қалай қайтадан ашсам болады?

 

    01.03.2021ж. бастап Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылдың 12 ақпанындағы № 27 қаулысымен бекітілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы (ЖЗШ) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының есебін жүргізу қағидалары күшіне енді. Соған сәйкес зейнетақы жинақтары аударылмаған жағдайда 1 (бір) ай өткен соң ЖЗШ жабылады.

Яғни, бұрын ашылған ЖЗШ, оның ішінде адам жұмысқа орналасқан кезде, шот ашуға өтініш беріп немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан, бірақ қандай да бір себептермен аударымдар жасалынбаған жағдайларда, сондай-ақ, зейнетақы жинақтары болған, әрі зейнетақы жинақтарының барлық сомасын төлеу мен аудару жүзеге асырылған ЖЗШ-да  төлем, не аударым жүзеге асырылғаннан кейін 1 (бір) ай ішінде жарналар түспеген жағдайда, бұл шоттардың барлығы автоматты түрде жабылады.

Одан әрі жұмысқа орналасу кезінде жұмыс берушіден алғашқы жарна түскен кезде ЖЗШ автоматты түрде ашылады. Бұл қағидат:

- 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап міндетті зейнетақы жарналарына қатысты;

- 2021 жылдың 1 мамырынан бастап ерікті зейнетақы жарналарына қатысты;

- 2021 жылдың 26 қазанынан бастап міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына (МКЗЖ) қатысты.

Жеке зейнетақы шотына жарналар аударылатын тұлғаның жеке басын куәландыру – МКЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген оның дербес деректері (аты-жөні, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады, ал барлық қажетті мәліметтерді: тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрғылықты мекенжайы туралы, өзге де мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

 

 

  1. Биыл тамыз айында мен зейнетке шықтым, бірақ зейнетақымды былтыр зейнетке шыққан жолдасыма қарағанда басқаша есептеп берді. Бұл неге байланысты?

Дұрыс айтасыз, 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемді есептеу әдістемесі өзгерді.

Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа Әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы бірінші жылы зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің 6,5 % мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептеледі.

Келесі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін жыл сайын зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесін – 5%-ға ұлғайту жолымен қайта есептелетін болады.

Мысалы, сіздің зейнетақы жинақтарыңыздың сомасы 6 000 000 теңгені құрайды.

Бірінші жылдағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы: 6 000 000*6,5%=390 000 теңге;

Бірінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 390 000/12 ай.=32 500 теңге;

Екінші жылға арналған ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 32 500+ 32 500*5%=34 125 теңге.

Бұдан өзге, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесінде белгілі бір санаттағы адамдарға түзету көбейту коэффициенттері көзделген. Атап айтсақ, мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2-топтағы мүгедектігі бар зейнеткерлер, сондай-ақ, жинақтары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен кемінде алпыс ай жинақталатын зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген адамдар. Бұл ретте, жоғарыда көрсетілген шарттардың бірнешеуі қамтылған тұлғалар үшін ең үлкен мәні бар түзету коэффициенті қолданылады.

Айта кетерлік жәйт, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың бұл әдістемесі 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

2018 жылдың 1 қаңтарына дейін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ала бастаған адамдарға зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272= 1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2021 жылдың 31 наурызы (қоса алғанда) аралығында ала бастаған адамдарға зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесіне сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері 5% индекстеу мөлшерлемесіне ұлғайтылады. Ол кейін жыл сайын индекстеліп отырады.

Осылайша, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесі алушылардың еңбек жағдайлары мен денсаулығының ерекшеліктерін ескереді, сондай-ақ, БЖЗҚ-дан жыл сайынғы төлемдер мөлшерін ұлғайтуға ықпал ететін болады.

 

 

 

  1. Мен 50 жасқа толдым, енді ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдерді ала бастасам деп едім. Мұны қалай жүзеге асырамын?

 

Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында, әрі алушыларға ыңғайлы болып, уақыт үнемдеу үшін БЖЗҚ 2021 жылдың тамыз айынан бастап БЖЗҚ-да кемінде бес жыл ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдерін және оларға есептелген инвестициялық табысты Қордың корпоративтік сайтындағы жеке кабинет арқылы тағайындау туралы қашықтан өтініш беру мүмкіндігін жүзеге асырды.

Естеріңізге сала кетейік, enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру қызметі БЖЗҚ-да келесі санаттағы зейнетақы жинақтары бар алушыларға ұсынылады:

- міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен: мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

ЕЗЖ есебінен:

-50 жасқа толған адамдарға;

-мүгедектігі бар адамдарға;

-ЕЗЖ сомасы және оларға есептелген инвестициялық табыс шегінде зейнетақы жинақтары бар, БЖЗҚ-да кемінде бес жыл болған адамдарға төленеді.

Өтініш беру үшін алушылардың электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет.

 

  1. Кейбір зейнетақы қызметтерін жеке басты куәландыратын құжатсыз алуға болатыны рас па?

Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап зейнетақы қызметтерін жеке куәліксіз де алуға болады. Ол үшін смартфондағы еGovMobile қосымшасында төлқұжаттың цифрлық (электрондық) нұсқасы болуы жетіп жатыр.

Мұндай мүмкіндік тек Қазақстан Республикасының азаматтарына, әрі салымшы БЖЗҚ кеңсесіне тікелей өзі келгенде ғана беріледі.

Бұл ретте келесі қызметтерді алуға болады:

* жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу;

* қосымша деректемелерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу;

* зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау тәсілін өзгерту (айқындау).

Мысалы, қолында жеке куәлігінің түпнұсқасы жоқ салымшы (алушы) БЖЗҚ кеңсесіне келіп, БЖЗҚ өкіліне eGovMobile мобильді қосымшасындағы Жеке кабинетте қалыптастырылатын бірегей цифрлық кодты хабарлап, БЖЗҚ қызметкеріне осы құжатты электрондық форматта қарауға рұқсат бере алады.

Егер тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаты жарамсыз немесе мерзімі таусылса, онда eGovMobile мобильдік қосымшасында құжаттың электрондық нұсқасы болмайды.

 

  1. 2022 жылдан бастап зейнетақы жинақтарын алу үшін ең төменгі жеткіліктіліктің жаңа шегі ескерілетінін естідім. Бұл рас болса, неліктен мұндай шешім қабылданды?

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында «зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Әдістемеге сәйкес айқындалған, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыстағы ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес, ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері» деп белгіленген.

ТЖШ айқындау әдістемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы № 1042 қаулысымен (2021 жылдың 6 қаңтарындағы өзгерістері және толықтыруларымен) бекітілген. Бұл әдістеме ашық нормативтік құқықтық акт болып табылады және ғаламторда, соның ішінде БЖЗҚ сайтында еркін қолжетімді. Әдістемеде ТЖШ есептеу алгоритмі егжей-тегжейлі сипатталған.

Ең алдымен, ТЖШ есептеу кезінде Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ЕТЖ, ЕТЗ, ең төменгі мемлекеттік базалық төлем сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Сондықтан да, жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуіне байланысты ТЖШ мөлшері де өзгеретіп отырады.

2021 жылдың 2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына қол қойылды, онда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ұлғайту көзделген. Ең төменгі жалақы ағымдағы 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ, әдістемені есептеу кезінде пайдаланылатын ең төменгі зейнетақы, ең төменгі базалық зейнетақы және басқа да әлеуметтік көрсткіштер мөлшері ұлғайтылды.

Осы Әдістемеге сәйкес, әрбір жас ерекшелігі үшін ТЖШ салымшы зейнетақы жасына жеткенде  ең төменгі базалық зейнетақыны (2021 жылы 18 523 теңге, 2022 жылы 19 450 теңге) алып тастағандағы  БЖЗҚ-дан ай сайынғы ең төменгі зейнетақы төлемі (2021 жылы 43 272 теңге, 2022 жылы 46 302 теңге) мен ең төменгі жалақы (2021 жылы 42 500 теңге, 2022 жылы 60 000 теңге) арасындағы ең жоғарғы мәнді құрайтындай етіп, есептеп шығарылады.  

2022 жылы ай сайынғы ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі зейнетақы мөлшерінен жоғары. Осыған сәйкес, есептеу кезінде ЕТЖ көрсеткіші пайдаланылды: 60 000 (АТЖ) – 19 450 (ЕТБЗ) = 40 550 теңге. Яғни, 2022 жылы БЖЗҚ-дан ай сайынғы ең төменгі төлем осындай болуы тиіс. Оны 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырайық, ол 24 748 теңгені құрайды (43 272 – 18 524 = 24 748 теңге (ЕТЗ пайдаланамыз, себебі, ол 2021 жылы ЕТЖ және ең төменгі базалық зейнетақы көрсеткішінен жоғары болған). Көріп отырғанымыздай, ең төменгі төлем мөлшері шамамен 64% - ға көбейеді. Шамамен осы санға (64,0%) зейнет жасына жетіп қалған және зейнет жасындағы (58-62 жас) адамдар үшін жеткіліктілік шегі көтеріледі. Салымшының жасы неғұрлым жас болса, шекті өзгерту пайызы соғұрлым жоғары болады, өйткені, зейнетақы төлемдерін алу мерзімі неғұрлым ұзақ болса, болашақ төлемдер индекстеледі, тиісінше шекті өзгерту неғұрлым жоғары пайызды есептеу формуласына сәйкес жүргізіледі (40 жастағы салымшылар үшін 69,3%-ға дейін, одан әрі 20 жастағы салымшылар үшін барынша 83,6%-ға дейін).

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметіне өз жинақтарын пайдалануға үлгермеген азаматтарды қолдау мақсатында зейнетақы жинақтарының төменгі жеткіліктілігінің жаңа шегін енгізу мерзімі 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін кейінге қалдырылды.