Қарамағындағы қызметкер сыбайлас жемқорық қылмысын жасаса, басшы жұмыстан босатылады

Қарамағындағы қызметкер сыбайлас жемқорық қылмысын жасаса,  басшы жұмыстан босатылады

 

2

2019 жылдың 26 қарашасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, 29 қараша күні «Егемен Қазақстан» газетінде ресми жарияланды.

Енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, басшылар бағынысты мемлекеттік қызметшілер  тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға міндетті. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.

Атап айтқанда, мемлекеттік саяси қызметшілер, егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткен соң сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған жағдайда:

            1) өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, жауапты хатшы, аппарат басшысы не орталық мемлекеттік органның облыстық, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумақтық бөлімшесінің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – орталық мемлекеттік органның басшысы;

            2) өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың әкімі;

            3) өзі жетекшілік ететін ведомствоның, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары;

            4) өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде – облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімінің орынбасары;

            5) өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде, осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген адамдарды қоспағанда, әкім отставкаға өтініш береді.

            Мемлекеттік әкімшілік қызметші болып табылатын мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымдарын атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады. Тәртіптік жаза ретінде басшы қызметінен босатылуы мүмкін.

            Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 680-бабына сәйкес мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

            Сондықтан, барлық мемлекеттік органдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шараларды уақтылы және тиісті деңгейде жүргізуі тиіс.

                       

 

Түлкібас ауданы әкімінің аппараты