Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында «Әлем қалалары әкімдерінің диалогы – Ухань» және Ухань қаласының бауырлас қалалар ынтымақтастығы жөніндегі халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Халықаралық басқосуға бес құрлықтағы 22 елдің 24 қала әкімдері, 80-нен астам ресми құрам қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан, Ұлыбритания, Венгрия, Испания, Румыния, Германия, Мьянма, Пәкістан, Таиланд, АҚШ, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.
Халықаралық конференцияға Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлікті қолдау және туризм салаларына жауапты бөлім басшылары қатысуда. Басқосуда Түркістан қаласының әлеуеті мен даму мүмкіндіктерін таныстырылды.
Іс-шара аясында Түркістан мен Ухань қалалары арасында бауырластық және достық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі қала арасындағы тікелей байланысты нығайтуға, сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, білім мен ғылым, инновация, мәдениет пен туризм, сондай-ақ заманауи қала құрылысы және қалалық басқару бағыттарындағы өзара ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастыруға бағытталған.
Бұл меморандум Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы қалыптасқан өңіраралық байланыстың заңды жалғасы. 2025 жылғы маусымда «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасында достық қатынастар орнату туралы келісімге қол қойылған болатын. Осылайша, бұған дейін өңірлер деңгейінде қалыптасқан ынтымақтастық жаңа кезеңге өтіп, Түркістан мен Ухань қалалары арасындағы тікелей байланыстар арқылы одан әрі дами түспек.
Түркістан мен Ухань арасында тікелей достық байланыстардың орнатылуы Қытайдың орталық бөлігіндегі ірі экономикалық және технологиялық орталықтардың бірімен практикалық ынтымақтастықты дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы қалыптасқан өңіраралық байланыстарды ескере отырып, ынтымақтастықтың жаңа форматы «өңір – өңір» және «қала – қала» қағидаттары негізінде өзара іс-қимылды кеңейтуге жол ашады.
Сапар барысында Түркістан қаласының делегациясы Уханьдағы бірқатар жетекші өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысып, олардың өндірістік және технологиялық әлеуетін зерделеуде. Сонымен қатар делегация Хубэй провинциясының бірқатар жетекші компанияларымен кездесіп, келіссөздер жүргізуде. Атап айтқанда, импорттық және экспорттық сауда, халықаралық логистика, шетелдік серіктестерге қызмет көрсету және туризм бағытындағы компаниялармен, сондай-ақ муниципалдық сарқынды суларды тазарту, қалдықтарды басқару, мәдени-индустриялық жобалар және халықаралық спорттық іс-шаралар салаларындағы кәсіпорындармен ынтымақтастық перспективалары талқылануда.
Қытайға жұмыс сапары барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Хубэй провинциясы мен Түркістан облысы арасындағы өзара іс-қимылға жауапты қауымдастық төрағасы Хуан Лисяомен кездесті. Ассоциация құрамына Қытай елінің 10 мыңнан астам өндіріс компаниялары кіреді. Кездесуде өңірлер арасындағы қалыптасқан байланысты қалалар деңгейінде одан әрі дамыту, іскерлік және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Ухань – Қытайдың орталық бөлігіндегі ірі экономикалық, өндірістік және технологиялық орталықтардың бірі. Осыған байланысты бұл байланыс Түркістан үшін инвестиция тарту, жаңа технологиялар мен басқару тәжірибесін енгізу, кәсіпкерлік және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, білім беру, туризм және мәдени байланыстарды дамыту бағыттарында жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызмет