Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірдің суару желілерін реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл шаралар су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға, су шығынын азайтуға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суармалы судың жеткізілуін жақсартуға бағытталған.
Отырар ауданында министр Д. Алтынбеков атындағы магистральды каналды реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Жоба аясында ұзындығы 10,7 шақырым болатын канал учаскесін тұтас құймалы бетонмен қаптау, 48 су шығару құрылысын, 10 жаяу жүргіншілер көпірін және мал суаруға арналған бес нысанды салу көзделген. Нысанды реконструкциялау жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру нәтижесінде 4 400 гектар суармалы жерге су беру жақсарады.
Сонымен қатар Ислам даму банкінің қолдауымен Арыс және Шардара аудандарында суару каналдарын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арыс ауданында БК-1, БК-5, 3-К-3 және 3-К-2 каналдарын, ал Шардара ауданында 4-К-1 жүйесін, сондай-ақ РШ-2, РШ-3 және РШ-2-1 каналдарын реконструкциялау жобалары іске асырылып жатыр. Бұл нысандардағы каналдардың жалпы ұзындығы 168,7 шақырымды құрайды, ал суармалы жерлердің аумағы 15,5 мың гектардан асады.
Бұдан кейін Нұржан Нұржігітов Арыс өзеніндегі су деңгейі маусымдық түрде төмендейтін кезеңде Д. Алтынбеков атындағы магистральды каналға қосымша су беру үшін пайдаланылатын «Қызыл ту» сорғы станциясының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта станцияда «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы сатып алған бес сорғы агрегаты жұмыс істейді. Оның ішінде бір СНПЭ-500 және төрт ESQ 2Д 2000-21 агрегаты бар.
Су беру көлемін жедел арттыру мақсатында төрт дизельді және төрт электрлі агрегатты қоса алғанда, сегіз жылжымалы мобильді сорғы қондырғысынан резерв қалыптастырылған. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда бұл жабдық магистральды канал арқылы тұрақты су беруді қамтамасыз ету үшін жедел іске қосылады.
Шардара ауданында министр «Қызылқұм» ирригация-дренаж жүйесін жетілдіру жобасының іске асырылу барысымен танысты. Қазіргі уақытта жоба 82,4%-ға орындалған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ирригация-дренаж жүйесін жетілдіру аясында 311,2 шақырым каналды және 1 426 гидротехникалық нысанды реконструкциялау, 425,8 шақырым коллекторды тазалау, сондай-ақ жеті гидробекетті автоматтандыру көзделген. Жобаны іске асыру 12,5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабына суармалы судың жеткізілуін жақсартады.
«Қызылқұм» магистральды каналында Нұржан Нұржігітов нысанды реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Жоба бойынша ұзындығы 3,8 шақырым болатын канал учаскесін бетондау қарастырылған. Жұмыстарды келесі жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Нәтижесінде каналдың апатты жағдайда бұзылып кету қаупін жою, сондай-ақ іргетастардың шөгуі мен үйлердің бұзылуына жол бермеу үшін жерасты суының деңгейін төмендету арқылы Алатау Батыр ауылының шамамен 20 мың тұрғынының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Каналды бетондау судың жерге сіңіп жоғалуын азайтып, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін министр Жаушықұм суару алқабының су құбырлары мен сорғы станцияларын реконструкциялау жобасы аясындағы жұмыстармен танысты. Жобаның негізгі мақсаты – Шардара су қоймасының су ресурстарын тиімді пайдалана отырып, 12 192 гектар суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 51,5 шақырым каналды бетондауды, бірінші және екінші көтерілімдегі сорғы станцияларын орнатуды, қысымды құбыр желілерін тартуды және басқа да шараларды қамтиды. Жобаны 2028 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Жетісай ауданында Нұржан Нұржігітов 210 тік дренаж ұңғымасын қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жүзеге асырылып жатқан шаралар жерасты суы деңгейін тұрақтандыруға, топырақтың қайталама тұздану қаупін төмендетуге және ауданның 37 мың гектар суармалы жерінің жағдайын жақсартуға бағытталған.
Бұдан кейін министр К-26 магистральды каналына барып, нысанның ішкі тармақтарында орнатылған дизельді сорғы станцияларының жұмысымен танысты. Канал секундына 6 текше метрге дейін су өткізе алады және «Достық» мемлекетаралық каналынан 6 226 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді.
К-16б каналында Нұржан Нұржігітов сорғы станциясын салу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Жоба «Достық» каналынан 1 467 гектар ауыл шаруашылығы алқабына су беруді жақсартуға мүмкіндік береді.
«Су шаруашылығы инфрақұрылымын реконструкциялау және жаңғырту – су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етудің маңызды элементі. Облыста жүзеге асырылып жатқан жобалар каналдардағы су шығынын азайтып, шалғай аудандарға су беруді жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге су үнемдеу технологияларын белсендірек енгізіп, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін қысқарту қажет. Бұл үшін мемлекет субсидиялар түрінде барлық жағдайды жасады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.