
Бүгінде облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 27 түрі өндіріледі. Оның 22 түрі бойынша өңірдің ішкі қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, қызанақпен қамтамасыз ету деңгейі қажеттіліктен 10 есе, бірінші сұрыпты бидай ұны 9,1 есе, қырыққабат 6,4 есе, қияр 5 есе, сүт 4,2 есе, пияз 3,3 есе жоғары. Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 20 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары сатып алынды. Айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар және қоймадағы қорларды қоса есептегенде, жалпы 22 мың тонна азық-түлік қоры қалыптастырылған. Бұл қор облыс қажеттілігін 6 айға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.