
Түркістан облысы Шардара ауданында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевнің төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысына арналған кеңес өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Ұлттық экономика министрі Бауыржан Омарбеков, өзге де министрліктердің жауапты өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары кеңеске бейнеконференция байланысы арқылы қатысып, баяндама жасады.

Кеңес барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының республика бойынша іске асырылу барысы, бюджет қаражатының игерілуі, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірлердегі жобалардың тиімділігі талқыланды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі бағдарламаның жүзеге асырылу нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 30,2 млрд теңге есебінен 4 223 жоба қаржыландырылды. Соның нәтижесінде 4 635 жаңа жұмыс орны құрылып, 593 жылыжай салынды, 76,8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы малы сатып алынды, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Сонымен қатар 441 азамат атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шығып, жобалар есебінен облыста жыл сайын шамамен 80 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде.