
Бүгін бекітілген кестеге сәйкес аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғалы Сәрсенбаев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Жеке қабылдауға барлығы 10 азамат қатысты. Тұрғындар баспана мәселесі, жерді жекешелендіру, денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік рәсімдеу, кәсіпкерлік мақсатында дүңгіршек орналастыруға рұқсат алу, Ауған соғысы ардагерлеріне көрсетілетін әлеуметтік көмек, жұмысқа қажетті кабинет қарастырып беру және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.

Аудан әкімінің жеке қабылдауына келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесі бойынша жүгінді. Оларға қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, тұрғын үйге қатысты жаңа тәртіп аясында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
2025 жылғы мамыр айынан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою, кезектілікті жүргізу және тұрғын үйді бөлуге қатысты комиссиялардың қызметі «Отбасы банк» АҚ-ның құзыретіне берілді. Осыған байланысты тұрғын үй кезектілігі, тұрғын үй беру тәртібі және өзге де мәселелерді «Отбасы банк» жүзеге асырады.

Ал аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тұрғын үйге қатысты құжаттарды рәсімдеу, заңдастыру және өз құзыреті шегіндегі өзге де рәсімдерді жүзеге асырады.
Қабылдау барысында көтерілген мәселелерге жауапты сала басшылары мен мамандары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме беріп, тиісті жауаптар ұсынды. Ал жан-жақты зерделеуді қажет ететін күрделі мәселелер жауапты мемлекеттік органдар мен сала мамандарының қатысуымен қосымша қарастырылып, заң аясында шешу жолдары пысықталатын болады.