
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік қызметші ең алдымен халықтың сеніміне ие болуы керек. Ол кәсіби, адал, жауапты әрі қоғамға үлгі болатын тұлға болуы қажет» деп атап өткен болатын. Бұл сөздер мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызын айқындайды. Өйткені мемлекеттік қызмет – жай ғана мамандық емес, ол халыққа қалтқысыз қызмет етудің, ел мүддесіне адал болудың жарқын үлгісі.
Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі – Кистауова Назипа Кемелбекқызы.
Назипа Кемелбекқызы еңбек жолын білім саласында бастап, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Экономикалық факультетінде оқу бөлімінің диспетчері қызметін атқарды. Жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін бұл қызмет оның кәсіби қалыптасуына берік негіз болды.
Кейін мемлекеттік қызмет саласына қадам басқан ол бүгінде аудан әкімі аппаратында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның ішінде 13 жылын мемлекеттік қызметке арнаған білікті маман әр жылдары аудан әкімі аппаратында мұрағатшы, іс жүргізу жөніндегі инспектор, аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімінде бас маманның міндетін уақытша атқарушы, бас маман, бас инспектор қызметтерін атқарды. Қазіргі таңда Түлкібас ауданы әкімі аппаратының құжаттандыруды қамтамасыз ету және әкімшілік бөлімшесінде бас инспектор болып еңбек етуде.
Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы жинақталған тәжірибе, кәсіби шеберлік пен жауапкершілік Назипа Кемелбекқызының басты ерекшелігіне айналды. Әрбір құжаттың уақытылы әрі сапалы рәсімделуі, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарының заң талаптарына сәйкес қаралуы, мемлекеттік органдар жұмысының тиімді ұйымдастырылуы – оның күнделікті еңбегінің нәтижесі.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшінің имиджі қоғам назарындағы маңызды мәселелердің біріне айналды. Мемлекеттік қызметкердің мәдениеті, кәсібилігі, халықпен қарым-қатынасы мен этикалық ұстанымы мемлекеттік билікке деген сенімнің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда Назипа Кемелбекқызы өз ісіне адалдығымен, қарапайымдылығымен және жоғары жауапкершілігімен әріптестеріне үлгі болып келеді.
Ол халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, азаматтардың өтініштері мен мәселелерінің оң шешімін табуына атсалысу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қызмет барысында жинаған тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне өз септігін тигізуде.
Мемлекеттік қызметтің беделі – оны атқаратын қызметкерлердің кәсібилігімен өлшенеді. Сондықтан да Назипа Кемелбекқызы сияқты өз міндетіне адал, ел мүддесін бәрінен биік қоятын мамандар мемлекеттік қызметтің шынайы келбетін қалыптастырып келеді.
Еңбек жолын жауапкершілікпен өріп, мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүрген Назипа Кемелбекқызының еңбегі қашанда құрметке лайық. Оның саналы ғұмыры жас мемлекеттік қызметшілер үшін өнеге, ал халыққа қызмет ету жолындағы табандылығы мен адалдығы көпшілікке үлгі болып қала береді.
Назипа Кемелбекқызының қызметіндегі басты ерекшеліктің бірі – аудан әкімінің жеке қабылдауын ұйымдастырудағы жауапкершілігі мен халыққа деген жанашырлығы. Жылдар бойы аудан тұрғындарын жеке қабылдауға тіркеп, олардың өтініштері мен мәселелеріне терең үңіліп келеді.
Мыңдаған азаматтың тағдырымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдаған маман бүгінде аудан халқының сапалы өмір сүруіне, өз құқықтарын білуіне және мемлекеттік қолдауларға қол жеткізуіне өзіндік үлесін қосып келеді.
Ол мемлекет пен халық арасындағы алтын көпірге айналған азаматтардың бірі десек артық емес. Өйткені әрбір өтініштің артында адам тағдыры, отбасының үміті мен сенімі тұрғанын жақсы түсінеді.
Кейіпкеріміздің айтуынша, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылған мыңдаған азаматтың басым бөлігін алыстан таниды.
– Осы жылдар ішінде қабылдауға келген тұрғындардың көпшілігімен жақын таныс болып кеттім. Олардың қандай мәселемен келгенін, қандай қиындық көріп жүргенін білемін. Бірі маған ағамдай болса, бірі әпкемдей, енді бірі туған бауырымдай болып кеткен. Азаматтардың мәселесі толық шешімін тауып, өтініші қанағаттандырылғанша бақылауда ұстаймын.
Кейде олардың жағдайын ойлап, өз мәселемдей алаңдаймын. Күннің қай мезгілі болса да хабарласып, жағдайларын айтып жатады. Ал олардың мәселесі оң шешіліп, қуанышты хабар естігенде өзімнің шаруам біткендей ерекше қуанышқа бөленемін, – дейді ол.
Бұл – мемлекеттік қызметті тек қызметтік міндет деп емес, адам тағдырына жауапкершілікпен қарау деп түсінетін маманның шынайы ұстанымы. Осындай жанашырлық пен адалдықтың арқасында Назипа Кемелбекқызы халықтың сеніміне ие болып, мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.
Халықтың алғысы мен ризашылығы – оның ұзақ жылғы еңбегінің ең үлкен бағасы. Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты халыққа қызмет ету болса, Назипа Кемелбекқызы осы қағиданы күнделікті жұмысында берік ұстанып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі