
— Баршаңызды еліміздің тау-кен саласындағы маңдайалды кәсіпорындардың бірі — «Инкай» компаниясының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Созақ ауданының экономикалық күретамырына айналған «Инкай» компаниясы өз міндетін абыроймен атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Компания мемлекетіміздің сенімді стратегиялық серіктесі ретінде өзіндік кірісті көбейтіп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға да өз ықпалын тигізіп жүр. Әсіресе, компанияның белсенді әлеуметтік ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Отыз жыл ішінде компания жаңа мектептер мен заманауи медициналық және спорттық нысандар салу мен жаңғыртуға, инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетті. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл бағыттағы игі істер, соның ішінде елді мекендерді абаттандыру мен экологиялық тұрақтылықты сақтау жобалары — бизнестің халықпен етене жақындығының жарқын үлгісі. Құрметті компания ұжымы! Сіздерді айтулы мерекемен тағы да құттықтай отырып, атқарған еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын! Алдағы уақытта да «Инкай» компаниясы өзінің инновациялық қуатын арттырып, Түркістан облысының өркендеуіне, ұлттық экономиканың дамуына өзіндік үлесін қоса береді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! — деді өңір басшысы.