ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР ТҮРКІСТАНДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖОБАЛАРЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР ТҮРКІСТАНДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖОБАЛАРЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ
 
▪️Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен кездесіп, Түркістан қаласының шығыс айналма жолының құрылыс жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жобаларды қаржыландыру, іске асыру тетіктері мен өзара міндеттемелер жайы жан-жақты қаралды.
▪️Қанат Қайыпбек аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, ұсынылған жобалар мұқият зерделенетінін жеткізді.
📌– Жобаны іске асыруға бірнеше компания ниет білдіруде. Біз тиімді ұсыныстарды қолдауға дайынбыз. Құрылысты мерзімінде әрі сапалы аяқтауды талап етеміз. Сіздердің ұсыныстарыңызды да жіті қарап шығамыз, – деді Қанат Қайыпбек.
▪️Түркістан қаласының аумағынан өтетін М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолына балама жол ретінде Түркістан қаласының шығыс айналма жолын салу жоспарлануда. Жолдың ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Бүгінде жобаны іске асыру үшін ЖСҚ дайындалуда. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қаржыландырып, іске асыру көзделген.
▪️Бұл жоба – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту, жол-көлік жүктемесін азайту және қаладағы транзиттік ағынды реттеу бағытындағы маңызды бастамалардың бірі.
▪️Кездесу барысында инвесторлар өз жобаларын ұсынды. Компания қызметін таныстырып, тәжірибесі туралы бөлісті.
▪️China State Construction Engineering Corporation Limited (CSCEC) – әлемдегі ең ірі инвестициялық және құрылыс тобы. Компания әлемнің 130-дан астам елдері мен өңірлерінде 7 мыңнан астам жобаны аяқтады. Одан бөлек, Қазақстан аумағында да бірқатар жобаны сәтті іске асырған.
▪️Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды нақтылау бағытында келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі