Бүгін, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық соттың және аудан әкідігінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы негізінде білім саласының қызметкерлері арасында «Құқықтық сауаттылықты арттыру» мақсатында аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен жиын өтті.
Жиынға аудандық соттың төрағасы Ырсынбетов Марат Нұрғазыұлы, мектеп директорлары және балабақша меңгерушілері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен кәсіподақ төрағалары қатысты.
Өскелең ұрпақтың білімді де тәрбиелі тұлға болып қалыптасуы жолында ұстаздың орны өте маңызды.
Осы орайда, күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы сөз алған аудандық соттың төрағасы Марат Нұрғазыұлы қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөнінде сөз қозғап, ел болашағының қалыптасуындағы ұстаздарға артылған маңызды міндетке тоқталып өтті.
«Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы»-демекші, Марат Нұрғазыұлы, бірінші кезекте мектеп директоры мен ондағы әр ұстаз өзінің қоғамда дұрыс ұстауына ерекше мән беру керектігін атап өтті. Білім сапасына кері әсер ететін факторларға жол бермей, әсіресе, мектеп ұжымында қалыпты орта қалыптастырып, педагогтар арасындағы дау-дамайды болдырмауға шақырды.
Сондай-ақ, сот төрағасы бүгінде елімізде кеңінен етек жайған интернет-алаяқтық, қаржылық пирамида мен лудомания сынды өзекті мәселелерді қамтып өтті.
Бұдан бөлек, маңызды басқосуда білім саласындағы өзекті мәселелер қаралып, өткен жылы білім бөліміне түскен арыз-шағымдар талданды.
Жауапты баяндамашылардан соң, жиында өзінің ой-пікірін білдірем деуші азаматтарға сөз беріліп, ауданымыздың кәсіби медиатор Мейірбек Өмірқұлов ұжымдарда орын алған дау-дамайды сотқа жүгінбей-ақ, бітімгершілікпен шешу қажеттігін айтса, «Түрік» этномәдени орталығының төрағасы, ардагер ұстаз Жұмабек Абилов педагогтерді қоғамды жұмыстарға ат салысуға шақырды.
Басқосуды түйіндеген аудан әкімі, маңызды жиынды ұйымдастыруға ұйытқы болған аудандық соттың төрағасы Марат Нұрғазыұлына алғысын білдіріп, қоғамның дамуы ең алдымен Заң мен тәртіпке байланысты екенін айтып, бұл бағыттағы нәтижеге жету үшін барлық мүдделі тараптарды бірлесіп әрекет етуге шақырып, ұстаздар қауымына жауапты еңбектері үшін алғысын жеткізді.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі