
Қабылдауға Түркістан қаласы, Бәйдібек, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал, Сайрам аудандарының тұрғындары қатысты. Азаматтар тұрғын үй алу, жер алу, ескерткіш орнату, қоғамдық ұйымның жұмысына қолдау көрсету, ұялы байланыс қызмет сапасын арттыру сияқты арыз-шағымдарын жеткізді. Сондай-ақ білім, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту салаларына қатысты өтініштері мен ұсыныстарын айтты. Мәселен, түркістандық тұрғындар облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағына ескерткіш орнату бойынша ұсынысын жеткізді. Бұл ұсыныс сәулеттік жобалар бойынша кеңес отырысында қаралып, зерделеніп, қажеттілігіне қарай министрлікке ұсынылатын болды. Тағы бір тұрғын Төлеби ауданы, Аққұм ауылының шет жағында ұялы байланыс ұстамайтынын жеткізді. Аудан әкімдігі тарапынан «Кселл» операторымен келіссөздер жүргізілгені хабарланды. Байланыс сапасын жақсарту үшін жеке оператор биыл ауыл аумағында қосымша антенна қоюды жоспарлап отыр. Бәйдібек ауданынан келген тұрғын баспана алу және мамандығына сай жұмысқа орналасу бойынша көмек сұрады. Өтініш иесіне бос жұмыс орны ұсынылып, кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында 144 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жоспарланып жатқаны айтылды.