КӨП ҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕ ГАЗ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

КӨП ҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕ ГАЗ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ
Aудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы Күншуақ, Нұршуақ, Пушкин-Бағысбаев көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлердегі тұрғындарға улы газдан уланудың алдын алу және өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында түсіндіру жұмыстары жалғасты.
Маңызды шараға аудан әкімі Асқар Естібаев бастаған әкімдіктің жауапты бөлім және газ инспекция мамандары, ауыл әкімі мен төтеншеліктер, полиция инспекторлары, коммуналдық қызмет өкілдері арнайы қатысып, жауапты мамандармен тұрмыстық газ жабдықтарын дұрыс пайдалану, желдету талаптарын сақтау, газ иісі сезілген жағдайда атқарылатын әрекеттер туралы жан-жақты мәлімет берді.
Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары, электр және газ құрылғыларын қолданудағы сақтық шаралары, төтенше жағдай туындаған кезде жедел қызметтерге хабарласу тәртібі түсіндірілді.
Мұндай алдын алу шаралары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Сенбі, яғни пәтер тұрғындарының дені үйінде болатын күнге ұйымдастырылған шара барысында 100-ден астам пәтер иесіне жылыту маусымы кезіндегі профилактикалық шаралар егжей-текжейлі түсіндірілді.
🔴 Газдан уланудың алдын алу шаралары⬇️
• Газ жабдықтарын (пеш, қазандық, колонка) тек мамандарға орнату және уақтылы тексерту
• Бөлмені үнемі желдетіп отыру, ауа тарту арналарының бітелмеуін қадағалау
• Газ құрылғыларын қараусыз қалдырмау
• Газ иісі сезілсе:
o Газ кранын дереу жабу
o Терезе мен есікті ашу
o Электр құралдарын қоспау, от жақпау
o Барлық адамдарды сыртқа шығару
o Апаттық газ қызметіне хабарлау (104)
• Балаларды газ құралдарынан алыс ұстау
🔥 Өрт қауіпсіздігі шаралары⬇️
• Электр және газ құралдарын техникалық талаптарға сай пайдалану
• Жанғыш заттарды ашық от көзінен алыс ұстау
• Үйде жарамды өрт сөндіргіш ұстау
• Электр сымдарының зақымданбауын тексеру
• Пеш пен мұржаны уақытында тазалау
• Темекі қалдықтарын толық өшіріп тастау
• Төтенше жағдайда 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу керектігі түсіндірілді.