
2025-2026 жылғы қысқы мерзімде облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін уақытылы қардан тазалауға жалпы 330 техника, 1155 жұмысшы жұмылдырылады. Сондай-ақ көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 10 151 текше метр құм және 2278 тонна тұз жинақталды. Техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай (бензин, дизель) отынымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 178,6 тонна дизель, 44,1 тонна бензин отынын алуға жанар-жағармай бекеттерімен келісімшарттар жасалынды. Сонымен бірге ауа-райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында Шыбықбел, Одаманбұлақ және Созақ ауданында Ащысай, Таскөмірсай жылыту бекеттері бар. Аталған жылыту бекеттері 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілді. Жылыту бекеттерінің бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар. Яғни, төсек-орынмен және азық-түлікпен толығымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса қардың қалың жаууына байланысты автомобиль жолдарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, авариялық-құтқару жұмыстарына шұғыл әрекет ету бойынша тиісті мемлекеттік мекемелер арасында іс-әрекет ету жоспары бекітілген.