
– Тамыз кеңесінің тақырыбы кездейсоқ таңдалмаған. Бұл – қазіргі қоғам мен заманауи білім жүйесінің өзекті талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім беру – ұлттық қауіпсіздіктің басты тірегі, ал ұстаз – сол іргені ұстап тұрған ең үлкен күш» деп атап өтті. Бүгінде бізге тек білімді емес, елжанды, әділ, жауапкершілігі жоғары азаматтар қажет. Сондықтан ұстаз еңбегі – ұлт болашағына бағытталған ең маңызды еңбек. 2024 жылы білім беру саласына 747,7 млрд теңге бөлінді. Бұл – жалпы облыстық бюджеттің 55%-ын құрайды. Бұл – болашақ ұрпаққа салынған нақты инвестиция. Облыста 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 99%-ға жетті. Бұл еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш. Облыстық бюджет есебінен жаңа 17 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Балалардың жазғы демалысына ерекше көңіл бөлініп, 5 мемлекеттік лагерге жөндеу жүргізіліп, 5 лагерге қосымша модульдік ғимараттар салынды. Сондай-ақ биыл алғаш рет жыл бойы жұмыс жүргізетін «Алатау» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Бұл үлкен жетістік. Ендігі негізгі міндет – сапа, ашықтық және қаржылық тәртіпті күшейту. Жаңа оқу жылы – білім саласындағы тың бастамалар мен үлкен жауапкершілік кезеңі. Балаларымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Ұстаздар – сол жолдағы ең негізгі тірек. Жаңа оқу жылы табысты болсын! – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.