Түркістан қаласындағы Амфитеатр кешенінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Turkestan City Fest 9» халықаралық көпжанрлы фестиваль-байқауы биыл да жоғары деңгейде өтті. Жыл сайынғы дәстүрге айналған сайыс 4-17 жас аралығындағы дарынды балалар мен жасөспірімдер үшін үлкен шығармашылық алаңға айналды. Фестивальдің басты мақсаты – өнерлі өрендердің шығармашылық қабілетін дамыту, өнерге деген қызығушылығын арттыру және тұлғалық, зияткерлік, адамгершілік қасиеттерін шыңдау.
Ашық аспан астында өткен бұл ерекше шарада еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Қатысушылар бейнелеу өнері, түрлі аспапта ойнау, би мен қолөнер жанрлары бойынша бағын сынады. Балалар мен жасөспірімдердің креативті би қойылымдары, музыка аспаптарындағы шеберлігі мен сурет өнеріндегі тың идеялары көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Сайыс соңында барлық қатысушылар марапатталып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі