ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТЫҚ ОҚУШЫЛАР ПӘНДІК ОЛИМПИАДАЛАРДА ЖОҒАРҒЫ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТЫҚ ОҚУШЫЛАР ПӘНДІК ОЛИМПИАДАЛАРДА ЖОҒАРҒЫ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Түлкібас ауданының орталығындағы мәдениет үйінде өткен оқу жылының нәтижесімен ауданның абыройын асырып жүрген, білімді, өнерлі, шығармашыл жас өрендер мен оларды тәрбиелеген ұстаздарды марапаттау іс-шарасы өтті.
2024-2025 оқу жылы аудан оқушылары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Республикалық олимпиадалардан 21 оқушы жүлделі орын иеленсе, облыстық олимпиадалардан 18 оқушы жүлделі орындармен оралды. Сонымен қатар жеңіл атлетика, ұлттық ойынымыз асық ату және т.б. спорт түрлерінен жас өрендер республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарыстарынан жоғарғы нәтиже көрсетті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Естібаев арнайы қатысып, республикалық, облыстық деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен бір топ оқушы мен олардың жетекшілерін марапаттады.
Сонымен қатар салтанатты жиында аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы М.Миразизов пен ауданының білім және ғылым кәсіподағы кеңесінің төрағасы Д.Әбішев сөз алып, марапат тұғырынан көрінген оқушылар мен ұстаздарды құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді.
Іс-шара соңы аудандық «Өнер» мектебінің концерттік бағдарламасына ұласып, кешке қатысушыларға көтеріңкі-көңіл күй сыйлады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі