
– 2018 жылы құрылған Түркістан облысы – стратегиялық маңызы зор және бизнес жүргізуде келешегі жарқын өңір. Облыс табиғи ресурстарға бай, адам капиталының әлеуеті жоғары, сондай-ақ инфрақұрылымы дамыған. Түркістан облысы Орталық Азияда бизнесті дамыту үшін зор мүмкіндіктерге ие. Өңір арқылы өтетін халықаралық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі жаһандық нарықтарға шығуға және сыртқы сауданы дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Өңір экономикасының негізгі бағыттары – ауыл шаруашылығы, туризм және өңдеу өнеркәсібі. Бұл салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай қарастырылған. Бұдан бөлек, өңірде жаңартылатын энергия көздері саласында да айтарлықтай ресурстық әлеует бар. Облыс – электр энергиясының таза импорттаушысы. Өңірде қытайлық «Energy China» компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы 300 МВт болатын күн электр станциясын салу жоспарлануда. Түркістан облысы табиғи қазба байлықтарына және кен орындарына бай. Инвесторларға бірнеше негізгі алаңдарды ұсынамыз. Атап айтқанда, «Тұран» арнайы экономикалық аймағы, индустриалды аймақтар және шағын индустриалды парктер барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Біз өз тарапымыздан бизнесті дамыту бойынша бастамаларыңызға толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ұзақ мерзімді серіктестік орнайтынына сенеміз, – деген Нұралхан Көшеров өңірге қызығушылық танытып, ынтымақтастық туралы ұсыныс білдіргені үшін компания өкілдеріне алғысын білдірді.