Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған "Әжелер алқасы" 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекелік іс-шара Төле би саябағынан бастау алып, ақ жаулықты әжелер ата-бабалар рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Кейіннен аудандық мәдениет үйінде, «Әже – ұлт ұйытқысы» тақырыбында концерттік бағдарлама өтті.
Аудандық Мәдениет үйінің фойесіне ұлттық құндылығымызды дәріптейтін көрмелер ұйымдастырылып, жиналғандар салт-дәстүрімізді жаңғыртатын дүниелермен танысты.
Әжелер алқасының мүшелері «Қызды қырық үйден тыю» атты сахналық көрініске қатысып, қызғалдақтай қыздар мен ибалы жас келіндерге тәрбие беру бағытында қазақтың мақал-мәтелдері, ырым-тыйымдарын сөз етті. Салтанатты шара барысында әжелер дефилеге шығып, кимешектің қыр-сыры мен мән-мағанасын түсіндірді.
Ұмыт болып қолданыстан шығып бара жатқан салт-дәстұрлеріміз бен жөн-жоралғыларымызды қайта жандандырып, жас ұрпаққа үлгі етіп, тәрбие беру бағытындағы мерекелік жиын барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене ат салысып жүрген бірқатар әжелер аудан әкімінің «Алғыс хатымен», аудандық мәслихаттың Грамотасымен марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді. «Данагүл» әжелер фольклорлық ансамблі халық әндерін нақышына келтіріп орындады.
Әже – әр үйдің берекесі, отбасының алтын қазығы, шаңырақтың тірегі. Ата мен әже барда мына әлем мейірім мен тәрбиеге толы. Ата-әженің айналып-толғанып, маңдайдан емірене сүйіп, бауырына қысып еркелеткеніне жетер ештеңе жоқ. Әжелеріміз ертегі мен қызықты әңгімелерін айтып, аталарымыз ақылын айтып, ұлттық құдылығымызды дәріптеп келеді.
Мерейтой, құтты болсын, асыл аналар, ақ жаулықты әжелер!
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев