ҰЛЫС ОҢ, АҚ МОЛ БОЛСЫН!

ҰЛЫС ОҢ, АҚ МОЛ БОЛСЫН!
 
Құрметті Төлеби ауданының тұрғындары және қонақтары!
 
Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз - іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Жер ана қайта жаңарып, тіршілік атаулы ояна бастаған мезгілде тойланатын Наурызда биік рухымыздың, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт
- дәстүріміздің, тіліміз бен діліміздің өзегі көрініс табады.
 
Күн мен түннің теңелуін ежелден ата-бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні деп атаса, Наурыз мейрамы да барлық қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге айналды.
 
Наурызды – рухани тазару мен үйлесімнің, бейбітшілік пен берекенің символы деп те атайды. Бұл күні барша ағайын бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, кешірімге келіп, татуласады. Мол дастарқан басында ақжарқын көңілмен жүздесіп, «Ұлыс оң, ақ мол болсын!», деп жеті түрлі дәмнен тұратын наурыз көжеден дәм татады. Шуақты мерекеде тал көшеттері егіліп, бұлақ көзі ашылады. Көктемнің жаңару күнінде айнала тазартылып, топыраққа дән түсіп, дала жұмыстары қарқынды жүреді. Бүгінде ежелгі мейрам біздің жаңарған қоғамымызбен үйлесім тауып, Отанымыздағы достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөлге ие болды.
 
Қадірлі ағайын!!
Көктемнің шуағын ала келген Ұлыстың ұлы күні тағы да құтты болсын! Еңбектеріңіз өнімді, тілектеріңіз қабыл болсын. Наурыз мерекесі - баршаңызға жақсылық сыйлап, шаңырақтарыңызға құт-береке әкелсін! Бауырмалдық пен татулыққа үндейтін осынау шуақты мерекеде әр отбасыға бақыт пен бірлік, татулық пен бар жақсылықты тілеймін.
Ұлыс оң, ақ мол болсын!
 
Төлеби ауданының әкімі            Т.Телғараев