Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің құрамында Сарқырама және Мәдени ауылдары бар. Орталығы – Мәдени ауылы. Мәдени ауылының шығу тарихына тоқталар болсақ, 1795-1895 жылдары мұнда алғаш рет Сиқым руынан шыққан Жаманби өрені Сеңгірбай бастаған топ келіп қоныстанған. Ақсу өзені жағалауынан солтүстікке қарай өрлей жалғасқан үлкен аңғардың, сай-жыраның бойына орналасқан ауылдың алғашқы атауы – Ақсай болыпты. 1926 жылы бұл өңірде Бидайшы, Сарқырама және Подгорная әртелдері ашылады. 1928 жылы Сарқырама және Подгорная әртелдерінің негізінде «Вольня степь», 1932 жылы Мәдени әртелі негізінде Мәдени колхозы құрылады. 1950 жылы «Вольная степь» «Мәдени» колхозымен бірігіп, Сталин атындағы колхоз деп аталып, 1962 жылы ол «Коммунизм» болып өзгертіледі. 1934 жылы оның атауы Мәдени деп өзгертіледі.
Сарқырама ауылының маңында үш археологиялық ескерткіш бар. Олар: Базарайтөбе, Қарауыл төбе, Көлбай – қала. Алғашқы кезде ауыл Көлбай ауылы деп аталған. Кейін табиғи ерекшелігіне орай Сарқырама болып өзгертілді. 1905-1907 жылдары ауыл Подгорная деп аталады. Ауылдан ауылшаруашылық әртелдері құрылып, колхоздастыру кезінде бірнеше колхоздар құрылып, атаулары өзгеріп отырады. Тек, еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі Президиумының 1992 жылғы 19 наурыздағы Жарлығымен Подгорная селосы – Сарқырама болып өзгертілді.
Ауылдан Ақсу өзені ағып кетеді. Елді мекенге баратын жолда Ақсу каньоны орналасқан. Табиғаттың керемет туындысы Ақсу каньоны — Ақсу-Жабағалы қорығының аумағында орналасқан. Орта Азия бойынша ең үлкен және ең терең каньондардың бірі. Оның тереңдігі 300 ден 500 м-ге дейін, жоғарғы шеттері 800 м, ал ұзындығы – 30 шақырымды құрайды. Каньонға түсу өте қиын, өзеннің жағалауы тасты және одан сайын қиындата түседі.
Ал, Ақсу өзеніне келер болсақ, ол Төле би және Сайрам аудандары аумағындағы Арыс өзенінің сол саласы. Бастауы Талас Алатауының солтүстік беткейіндегі 4042 м биіктіктегі мұздықтан басталады. Ақсу өзенінің алабында Ақсу-Жабағылы қорығы орналасқан.
Округтің жер көлемі – 7035 гектар. Мәденидегі 215 тұрғын үйде 1304 адам, Сарқырамадағы 187 тұрғын үйде – 1075 адам тұрады. Округте екі шаруашылық бірлестігі – «Ақсай» ӨК, «Атамекен» ЖШС жұмыс істейді. Ауылдарда жаңа үлгіде салынған 2 орта мектеп, 2 мәдениет үйі, 2 кітапхана, 1 пошта байланысы халыққа қызмет етеді.
Ауылдық округке қарасты екі ауылда инженерлік-коммуникация жүйелері толығымен шешімін тапқан. Табиғи газы пайдалануға берілген. Электр желілері мен бағаналары жаңартылып, жолдары асфальттанған ауылдар қатарында. Елді мекендердің бүгінгі әлеуметтік жағдайы, көркейту, абаттандыру саласындағы атқарылған жұмыстардың деңгейі аудан орталығынан кем емес. Округтің әлеуетін, олардың тұрмыс деңгейін арттыруға ауылда туып-өскен азаматтар ат салысуда.
Сарқырама ауылында орналасқан «Атамекен» корпарациясының иесі Шерім Төлтебаев елді мекеннен дизайны, кескін – келбеті Шымкент қаласындағы театрлардан кем емес Мәдениет үйін өз қаржысына салып беріп, көше бойында орналасқан жеке тұрғын үйлердің сыртқы қоршауларын заман талабына сай етіп безендіріп беріп, дүкен, тамақтану орындарын іске қосып, жастар арасында салауатты өмір салтын кеңейту үшін соңғы үлгідегі спорт алаңын жеке қаражатына жасап берді. Сондай-ақ, ауылдағы жалпы орта мектеп ғимаратының құрылысына демеушілік жасап, қаншама оқушылардың мультимедиялық кабинеттермен жасақталған сәулетті ғимаратта білім алуына жол ашты. Бүгінгі күні әке ісін ұлы Мұрат жалғастырып, ауылға кіре беріс аймақтан құны 700 млн теңгені құрайтын саябақ құрылысын аяқтауда.
Саябақтың жер көлемі 1,5 гектар. Ауыл тұрғындарының демалыс орнына айналғалы тұрған саябақта аллеялар, фонтан, түнгі жарық, бассейндер, ашық аспан аясындағы мейрамханалар, орындықтар бар. Сондай-ақ, саябақ аумағында қырым ағаштары, көлеңке түсіретін тал-теректер, көздің жауын алатын әсем гүлдер отырғызылған.
Ал, Сарқырама елді мекеніне кіре берісіндегі биік орналасқан қоршауларға ауыл көркіне ажар беру мақсатында ауданымыздың керемет табиғатының көріністері, аңдардың, құстардың суреттері салынып, нақыл сөздер жазылған.
Бұған қоса, Мұрат Шерімұлы демеушілігімен елді мекен аумағына 1000 түп - қайын ағашын, 500 түп қырым шыршасын егу жұмыстары жүргізілді.
Ал, Мәдени ауылында соңғы үлгідегі байланыс техникаларымен жабдықталған сәулетті жалпы орта мектеп, «Ардагерлер», «Жастар» саябағы, Мәдениет үйі орналасқан. Мәдени елді мекені, Бәйшешек көшесіндегі түнгі жарықтар мен аяқ жолдардың құрылысы аяқталды. С.Тлеуов көшесінеі жаңадан тратуарлар салынды. Сондай-ақ, аталған елді мекенге топтасқан Қаратөбе су қоймасынан келетін ашық су көздері арқылы ауыз су мәселесі шешімін тапқан. Жаңаталап көшесіне жаңадан жол төселген.
Округтегі игі істерді үйлестіріп, жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізген, ауылды елдімекендердің дамуына елеулі үлес қосқан, сондай-ақ халықпен белсенді ашық жұмыс жүргізген ауылдық округ әкімі Сиқымбаев Әбдіқадыр Ермекұлы - былтырғы жылы республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Ең үздік ауыл әкімі» конкурсының жүлделі екінші орын иегері атанды. Ал, 2021 жылдың қорытындысымен Жоғарғы Ақсу ауылдық округі – жылдың үздік ауылдық округі атанды.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан округ тұрғындары ауданның 90 жылдық мерейтойына өз үлестерін қосу бағытында қызу дайындыққа кіріскен.
Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының мүшесі