Төлеби ауданына – 90 жыл! ҚАРАТӨБЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АУМАҒЫНДА ТАБИҒАТТЫҢ ҚАЙТАЛАНБАС ҒАЖАЙЫП ТУЫНДЫСЫ ОРНАЛАСҚАН

Төлеби ауданына – 90 жыл! ҚАРАТӨБЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АУМАҒЫНДА ТАБИҒАТТЫҢ ҚАЙТАЛАНБАС ҒАЖАЙЫП ТУЫНДЫСЫ ОРНАЛАСҚАН
 
 
Қазіргі Қаратөбе ауылдық округінің аймағында өткен ғасырларды талай тарихи оқиғалар өткен. 1808-1864 жылдары бұл өңір Сайрамсу датқалығының құрамында болған. Кейіннен Қарамұрт болыстығының құрамында болып, ауыл атауы өзгереді. 1900 жылдары Даңғырашалды-Борисвока, Қаратөбе ауылының айналасын Рудневка, Сахаровка, Покровка, Веряховка деген селолар пайда болады. 1918 жылы Қаратөбе Совет селосы болып өзгертіліп, Совет, Сахаровка, Покровка, Веряховка селолары Майбұлақ, Нұрата, Айналма секілді ауылдарымен бірге Совет болыстық атқару комитетіне қарайды, Жетім Бота, Алакөз, Көкірек, Балдыберек, Көтерме ауылдары Қаратөбе болыстық атқару комитетіне бірігеді. 1921 жылы Қаратөбе болыстығы – Бадам болыстық атқару комитетіне қосылады, ал Сахаровка мен Веряховка Совет селосының құрамына енеді. Сол жылы Совет болыстығы тарқайды. 1922 жылы Алакөз-Қызыл Жалау, Көкірек-Төңкеріс, Айналма-Красный боец атауына ие болады. 1928 жылы Қазығұрт және Георгиевка болыстықтарының жерінен Бадам ауданы құрылады. 1929-1933 жылдары Қаратөбе жерінен Қызыл жалау, Жетім Бота, Красный боец, Төңкеріс, Дарбаза, Майбұлақ, Красный Октябрь, Жамбыл, Қызыл білек, Молотов колхоздары құрылады. 1932 жылы қазіргі Қаратөбе жерінен Балдыберек және Совет ауылдық кеңестері ашылады. 1952 жылы Балдыберек ауылдық кеңесі – Қасқасу ауылдық кеңесіне беріледі. 1950 жылы осы аймақтағы колхоздар біріктіріліп, 1953 жылы Молотов атындағы колхоз Совет колхозы болып өзгертіледі, 1959 жылы Совет ауылдық кеңесіне қарасты – Дарбаза, Төңкеріс, Борисовка, Жетім Бота, Совет атты бес ауылдағы халық саны 2738 болған. Қазақастан Республикасы жоғарғы кеңесінің президиумының 1992 жылғы 19 наурыздағы қаулысына сәйкес, Красный беоц – Балдыберек, Қызыл Жалау-Қостөбе, ал ОҚО мәслихаты мен облыстық әкімдіктің 2001 жылғы 2 қарашадағы №74 бірлескен шешімі бойынша, Совет селосы - Қаратөбе ауылы болып өзгертілген.
 
Қаратөбе ауылдық округі орталығы Қаратөбе ауылы, құрамына – Қаратөбе, Төңкеріс, Балдыберек, Қостөбе, Майбұлақ ауылдары кіреді. Қаратөбе ауылының атауы – ауылдық оңтүстік – шығыс бөлігінде орналасқан үлкен төбеге байланысты шыққан. Расында, сол төбе алыстан қараған адамға үлкен әрі қап-қара болып көрінеді. Қостөбе ауылының атауына келер болсақ, ауыл маңында Қостөбе деген үлкен қорым бар. Балдыберек ауылында ауылмен аттас өзен бар, ол өз бастауын бұлақтардан алып, орта тұста екіге бөлініп, кейін қайта қосылады. Ертеректе өзен жағасында бал аралары өте көп болған екен. Оған қоныстанған халық бал жинаумен айналысып, «Балды жағалау» деп атап, кейіннен ол Балдыберек болып өзгертілген, деседі. Екінші бір нұсқасында ежелде мұндағы ел мен жердің қамқоршысы Балдарбек баба болған деседі. Сол себепті, мұндағы елдің тіршілік көзі болған өзен де, оны жағалай орын тепкен ауыл да сол бабаның құрметіне аталған. Уақыт өте келе атау тілдің сингармонизм (дыбыс үндестігі) заңына сәйкес «Балдыберек» болып кеткен.
Ал, Майбұлақ ауылының атауына келер болсақ, ауылдан Нұрата бұлағынан бастау алатын суы қақаған аязда қатпайғ сылдырлай ағатын өзен бар, су көзінің табиға ерекшелігіне орай, халық Майбұлақ деп атап кеткен.
 
Жер көлемі – 13952 гектар. Округте 4 жалпы білім беретін мектеп, 2 бастауыш мектеп, 5 фельдшерлік пункт, 2 клуб, 2 ауылдық кітапхана, 1 балабақша, 1 пошта мекемесі жұмыс істейді. Тұрғын үй 868, отбасылары саны 1181, халық саны 5254. Округ таулы аймақта орналасқандықтан негізінен ауыл шаруашылық саласына аса мән берген. Аумақта 9 – ЖШС, 3-ӨК, 269-ШҚ бар.
 
Қаратөбе ауылдық округінің аумағы Ақсу-Жабағылы табиғи қорығымен шекаралас. Округте көктем кеш шығып, қыс мезгілі ерте түседі. Сондай-ақ, округтің қорықпен шектесетін тұсында Дарбаза шатқалы орналасқан. Шатқал – Төлеби ауданындағы табиғаттың қайталанбас ғажайып туындысы болып саналады.
Дарбаза Алатауға кіретін қақпа секілді. Тауды әдейі қолдан қашап, ойып жасағандай. Сондықтан халық оны Дарбаза деп атап кеткен. Бұл жердiң табиғатына қазақтың аса жоғары баға бергенде «жер жұмағы» деп айтатын теңеуiн емiн-еркiн қорықпай қолдана беруге болады.
 
Қырғыз Алатауының сілемдерінен басталып, жол-жөнекей мыңдаған жылға, бұлақтар қосылатын Балдыберек өзені осы Дарбаза арқылы кең далаға шығады. Дарбазадан ішке қарай ілгері көтерілгенде табиғаттың неше түрлі көріністері еріксіз тамсандырады. Қос қапталы жалаңаш, жалтыр құз. Табанында Балдыберек өзені буырқанып, долданып ағып жатыр. Аспанға қарасаң, төбеңе құз құлап кетердей әсер қалдырады. Екі құздың аралығы 12-15 метрдей, осылай екі-үш шақырымға созылады. Сәлден кейін биіктен еңіске еңкеңдеп, бақырып, улап-шулап, жолындағының бәрін жайпап, Бақырауық өзені құлап, Балдыберекке қосылады. Оның даусы құдды бақырған адамның даусына ұқсайды, сондықтан да Бақырауық деп аталған.
Содан әрі тау бірте-бірте жазықтана береді. Қарсы алдыңыздан алаңқай шығады. Оның ортасында көлемі 50-60 метрдей Көкжайлау көлі айнадай жарқырайды. Қысы-жазы көкпеңбек болып жататын көл маңында арша, қайың, тал-терек, долана, ұшқат, шетен, тобылғы, кәтреңкі өседі.
 
Жануарлар, өсімдіктер дүниесі өз алдына бөлек әңгіме. Ел 1930 жылдардан бұрын осында көшіп келіп, сары күзге дейін малын сонау Қырғыз Алатауы жағына апарып жайлаған. 1932 жылы бұл жер Ақсу–Жабағылы қорығының қарамағына берілді.
Ақсу-Жабағылы қорығы — Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық.
 
Қорық бірнеше биіктік белдеуде жатыр. Тау өңірінде бидайық, түрлі шөптер, боз жусан, жоғарысында селдір арша орманы, субальпі және альпі шалғыны өседі. Одан жоғарысын мұздықтар мен көп жылдық қар жапқан. Ақсу – Жабағылы қорығының жерін Ақсу өзенінің аңғары (тереңдігі 500 м-дей) жарып өтеді. Өсімдіктер дүниесі әралуан. Қорықтың жануарлар әлемі де өте бай: сүтқоректілердің 42, құстардың 238, бауырымен жорғалаушылардың 9, қосмекенділердің 2 және балықтың 2 түрі тіршілік етеді. Омыртқасыз жәндіктердің де алуан түрлері осы өңірде қоныстанған. Ақсу – Жабағылы қорығы – табиғаттың нағыз ғылыми лабораториясы, онда ғылыми-зерттеу жұмыстары үзбей жүргізіледі.
 
Керемет табиғат аясында орналасқан ауылдық округ бүгінде ауданның 90 жыллық мерейтойына үлесін қосу мақсатында қызу дайындыққа кіріскен.
 
 
Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі