Қазіргі Тасарық ауылдық округіне қарасты біраз ауылдар 1930-1939 жылдары Бадам ауданына, кейіннен Шымкент ауданына, 1932 жылдан кейін Ленгір ауданына қарасты Сайрам су ауылдық кеңестерінің құрамында болған. Сол жылдары бұл ауылда Ақмола (Оңтүстік), Ханарық, Жамбыл, Ленин колхоздары болған. 1950 жылы Ленин, Оңтүстік колхоздары Қасқасу ауылына қарасты Хлебороб колхозымен бірігіп, Ленин атындағы колхозға бірігеді. 1959 жылы Жамбыл колхозының бірінші және үшінші бригадалары да Ленин колхозына өтеді. 1963 жылы Ленин атындағы колхоздың аты Путь Ильича болып өзгертілді. 1980 жылы Путь Ильича колхозының біраз ауылдары Қасқасу аймағына қараған.
Тасарық ауылдық округінің орталығы – Тасарық ауылы. Құрамына Тасарық, Жамбыл, Оңтүстік, Ханарық ауылдары кіреді. Жер көлемі – 12203, отбасы саны-835, халық саны—4977. Округте 3 жалпы орта мектеп, 2 балабақша, 4 ФАП, 4 ФП, 4 клуб, 4 кітапхана, 1 байланыс мекемесі, 4 ЖШС, 2 ӨК, 2 АШҚ жұмыс істейді.
Тасарық ауылының атауы аймақтық географиялық ерекшелігіне байланысты қалыптасқан. Өйткен, Тасарық елді мекеннің орналасқан жері тастақ. Осы тастақты жерден шаруалар ауылға қарай арық қазған. Елді мекен атауы осы арыққа байланысты шыққан. 1890-1895 жылдары ауылға көшіп келген славян халқы ауылдың тарихи атауын өзгертіп, Петропавловск деп атап, ауылдан шіркеу, дін мектебін ашқан. Кейін шіркеу бұзылып, орнына мектеп тұрғызылды. Кеңес Өкіметі кезінде ауылға Виктор Сергеевич Блиноковтың есімі берілген. Тек, Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі Президиумының 1993 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен ауылға Тасарық атауы қайтарылды.
Округте Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы орналасқан. Мекеме 1988 жылы ашылып, Мекемеде тірек – қимылы аппараты бұзылған 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ем қабылдайды, білім алады. Балалар мектепті бітіргеннен кейін білімін жетілдіру мақсатында Кентау қаласындағы арнайы мамандырылған көп саласы колледжінде білімін жалғастырады. Мекемеде бала дамуын түзету, дамыту, ортаға бейімдеу, еңбек және оңалту терапиясы бойынша кабинеттер жұмыс істейді.
Тасарық өңіріне елімізге танымал қылқалам шеберлері түлеп ұщқан. Атап айтар болсақ, қылқалам шебері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Тоқболат Тоғысбаев, әлемге танымал суретші-кескіндемеші, Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері Ерболат Төлепбай.
Тоқболат Төлепбайұлы Тоғысбаев - кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Тоқболат туған ел табиғатын бейнелеуде өзінің қайталанбас қолтаңбасын айқын аңғартты; заман мен адамды асқақ жырлаумен ұлттык бейнелеу өнері тарихында терең із қалдырды. Тоқболат қылқаламынан туған туындылары Республикалық, Бүкілодақтық және Халықар көрмелерінде қойылды, "Гүлмен қыз", "Дала әуені", "Соғыс триптихы", "Дала балладасы", Құрылысшылар сөзі", "Әншіл таулар", "Жас дәурен", "Ақын М.Шахановтың портреті", "Аспанда", "Жаңғырған дала", "Жұмыстан кейін", "Әңгіме", "Ойын-сауық", "Думанды күндер" атты кескіндемелік шығармалары айшықтыда арайлы әсемдігімен ерекшеленді. Тоқболат суретші «Дала әндері нақыштары», «Сайыс», «Әнші таулар», «Жаңғырған дала», «Бейбітшілік әні», «Түйешілер», «Жайлылық», «Бейбітшілік туралы ән», т.б еңбектерінде халқымыздың ұлттық ою-өрнектерінен өмір іздерін көрсете білді.
Ерболат Тоғысбайұлы Төлепбай — қазақстандық әлемге танымал суретші-кескіндемеші. Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Суретшілер Ассоцияциясының басқармасының төрағасы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі.
1974 жылдан республикалық, бүкілодақтық, халықаралық көрмелердің тұрақты қатысушысы. Әлемнің 35 елінде, оның ішінде Франция, Италия, Германия, Индия, Қытай, Египет, Филиппин және басқа елдердегі көрмелерге қатысты.
Оның салған суреттерімен ТМД мен Шығыс Еуропа елдерінің көрермендері әбден таныс. Бүған дәлел ретінде Ерболат Төлепбайдың Мәскеу қаласындағы Третьяков галереясында, Бішкек қаласындағы бейнелеу өнері мұражайындағы, Прага қаласындағы көркемсурет орталығында зор табыспен өткен дербес көрмелерінен соң оған Ресей Федерациясы көркемсурет академиясының академигі, Қырғыз көркемсурет академиясының академигі, Чехия көркемсурет академиясының академигі атағы берілді.
Суретшінің шығармалары мемлекеттік Третьяков галереясында, Ресей Федерациясының мұражайларында, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында (Алматы), Қазақстан Республикасының облыстық мұражайларында, Қазақстан Мәдениет министрлігі Көркемсурет көрмелері дирекциясында, Қазақстан, ТМД, Еуропа, Америка, Азия елдеріндегі жеке коллекцияларда сақталған.
Қазақстанның жері мен адамдары, даласы мен қаласы, өткені мен қазіргісі, адамға деген сүйіспеншілік пен туған жері үшін жауапкершілік – суретші жұмыстарының басты тақырыптары болып табылады. Ерболат Төлепбайдыңөзіне ғана тән жұмбақәлемі, бұл – еуропалық мәдениет пен азиялыққұпия жан әлемінің кездесуі, еуропалық психологиялық талдаудың нәзіктігі мен көшпенділер ұрпақтарыныңәлемді сезінудіңәлеуетті космизмінің таңғажайып қосындысының сипаты.
АҚШ, Бельгия, Германия, Италия, Қытай, Үндістан, Франция т.б. елдерде ұйымдастырылған көрмелерге өз картиналарымен ұдайы қатысып келеді. Кескіндемешінің туындылары Қазақстан Мемлекет өнер мұражайында және Ресей мұражайларында, ТМД, Азия, Америка мен Еуропадағы жеке меншік коллекциялар қорында сақтаулы.
Тасарық ауылында Қазақ КСР Оралық атқару комитетінің төрағасы, қоғам және мемлекет қайраткері Елтай Ерназаров дүниеге келген. 1907-1919 жылдары тері зауытында жұмысшы, 1919-1927 жылдары ауылдық кеңес хатшысы, болыстық «Қосшы» одағының және болыстық атком төрағасы қызметтерін атқарған.
Тасарық ауылдық округінде ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал щаруашылығы дамыған. Ауыл халқы сүтті бағыттағы Голштейн сиырын бағып, шағын сүт цехын іске қосқан. Тасарық ауылында орналасқан жеке кәсіпкер С.Танабаевтың жүзім шаруашылығында кәсіпкер тастақ жерді тиімді пайдаланып, 2016 жылы жаңа технологиямен 10 гектарға жүзім еккен. Ал, 2017 жылы қосымша 10 гектар жерге 16 мың түп көшет отырғызды. Шаруашылыққа қарасты 20 гектарға жалпы саны 32 мың түп «Таифи-Розовый» жүзімі егілген.
Еліміздің даңқын аспандатып, оны алыс-жақын шетелдерге таныта білген қылқалам шеберлерінің туып – өскен өлкесі – Тасарық ауылдық округі ауданның 90 жылдық мерейтойына өз үлестерін қосу мақсатында қызу дайындыққа кіріскен.
Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі