
Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш қайраткерлері
«Алаш» – осы төрт-ақ әріптен құралған мазмұны терең елеулі сөз былай қарасаң айтуға оңай. Алайда осы сөздің астарында, қисапсыз қасіреттер, ұлты үшін құрбан болған қазақ зиялыларының қиын тағдырлары, қазақ халқының тарихы жатыр. Иә «Алаш» сөзі – киелі ұғым.
Алаш – қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілік мүддесінің үзілмеген арқауы.
Міне, биыл қазақ халқының сан мың жылдар бойы армандаған қол жетпес бақыты – тәуелсіздік туының көгімізде желбіреп тұрғанына отыз жылдан астам уақыт өтсе, Алаш қозғалысының белді мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Әрине ширек ғасыр, дегенмен аз уақыт болса да біздің бағындырған белестерімізбен орындаған арман мақсаттарымыз әлем таңғалардай. Біз үшін ата-бабаларымыздың жанымен келген киелі тәуелсіздік мерекесі айтулы күн. Әрине бұл айтулы күн оңайлықпен келген жоқ. Өткен ғасырдың басында жеке ел, мемлекет боламыз деген Алаш зиялылары аңсаған армандарына жете алмай арманда кетті. Алаш зиялылары тұңғыш ұлттық идея көтеріп, тұңғыш партия, үкімет құрып мемлекеттіліктің алғы шартын жасап кетті.
2022 жылы 16 ақпан күні орталықтың жұмыс жоспарына сәйкес Төлеби ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» ұйымдастыруымен ауданымыздың №8 колледж тыңдаушыларының қатысуымен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі – мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың негізін қалаушы, қазақ жазуының реформаторы, ағартушы, түркітанушы, публицист, ұстаз, аудармашы Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойына орай «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш қайраткерлері» тақырыбында дөңгелек үстел іс-шарасы болып өтті. Бұл іс-шарада Ахмет Байтұрсыновтың артында қалған мол мұрасы, оның атқарған еңбектері және шықсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда болайық деп серттескен Алаш қайраткерлері туралы мәліметтер айтылды. Қатысушыларға берілген тапсырмалар бойынша олар да ізденіс жұмыстарын жүргізіп, Алаш зиялыларының мол мұрасы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар ұлт жанашырларының өлеңдері жатқа айтылып, «Ахмет- ұлт ұстазы» телехикаясынан үзінді көрсетілді. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты: Алаш ардагерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов туралы жан-жақты түсінік бере отырып, олардың қоғамға және мемлекетке сіңірген еңбегі туралы пікір алмасу, тарихта алатын орнын анықтау және қатысушылардың ұлы тұлғаларға деген ой-өрісін кеңейту болды.
Ұлтымыздың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп ызыңдатып «Масасын» ұшырды. Міржақып «Оян қазақ!» деп ұран салды. Сұлтанмахмұт Торайғыров қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға тырысты. Әлихан Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазды. Ол өз заманының өзекті де өткір сұрақтарына жауап беріп, ұлтының тағдыры тығырыққа тірелгенде, содан шығар жолды сілтей алды. Ғасыр басында Алаш ардақтылары жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, халқын мәдениетке сүйреуде жан аямастан қызмет етті. Мұзафар Әлімбаев: «Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» – десе, ана тілімізді бәріміз де сүюге, ал ұлт мүддесі үшін жан аямаған ұлы тұлғаларымызды ұмытпауға тиіспіз.
Төлеби ауданының мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің
«Тілдерді оқыту және дамыту орталығы»