КӨКСӘЙЕКТЕ «ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢСЕ» ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

КӨКСӘЙЕКТЕ «ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢСЕ» ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Көксәйек ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында «Халықтық кеңсе» ашылды. Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысы бойынша Адалдық алаңы жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлзия Нұрғалиқызы Қарсыбай арнайы келді. «Халықтық кеңсенің» ашылуына аудан әкімі аппаратының басшысы, ауданның Әдеп жөніндегі уәкілі Есімхан Жанысұлы Қадырбеков қатысып, тұрғындарды орталықтың ашылуымен құттықтады.

Округ тұрғындары «Халықтық кеңсе» орталығында жұмыспен қамту, ауылшаруашылық саласы, жер қатынастары мен тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бойынша өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алады. Ал, кеңсе қызметкерлері көрсетілген салалар бойынша түсіндірме кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетеді.   Сондай-ақ, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы азаматтар электронды цифрлы кілтін пайдаланып, кез-келген мемлекеттік қызмет түрін алады.

«Халықтық кеңсе»  округ  тұрғындарына мемлекеттік қызметтің барлық түрін көрсетеді. Сондай-ақ орталықта шешімін таппай, халықты толғандырып жүрген мәселелер мен жергілікті билікке қатысты арыз-шағымдар да қаралады. Жаңа кеңсе толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Электронды кезекке тұрып, ғаламтор арқылы ақпарат алуға болады.

Орталық азаматтардың арыз-шағымын қабылдап, кеңес беретін 4 терезе таңғы сағат 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді. Мұнда «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіліп, халық әуре-сарсаңға салынбайды, әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алады және құжаттардың қаралу мерзімі қысқарады.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі