ГРЕЙГ ҚЫЗҒАЛДАҒЫН ЖҰЛУ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ӘКЕЛЕДІ

ГРЕЙГ ҚЫЗҒАЛДАҒЫН ЖҰЛУ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ӘКЕЛЕДІ

 Облыс көлемінде өсімдіктердің 1700 түрі, оның ішінде 122 Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктер түрі және 68 тек біздің облыс аумағында ғана өсетін сирек кездесетін өсімдіктер өседі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабының 3-бөлігіне сәйкес өсімдіктер дүниесі мемлекет меншігінде болады.

Ата Заңымыздың 38-бабында Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті екендігі көрсетілген.

Солардың ішінде өзінің ерекше сәнділігі мен әдемілігімен ерекшеленетін Грейг қызғалдағы біздің облыс аумағында өседі. Грейг қызғалдағы-басқа түрлерден мөлшерінің ірілігімен, кең жапырақтарымен, күңгірт-күлгін дақтарымен, бокал тәрізді гүлдерімен, 10-12 см биіктігімен ерекшеленеді. Түсі ашық, түрге бай, қызыл, қызғылт сары, ашық сары, ақшыл сарғыш болып келеді. Қызыл гүлді түрлерінің түбі қара немесе сары, ашық түстілерінде гүлсерік жапырақшаларының ішкі жағында қызыл дақтары болады. Бұл түр сәуірдің басынан маусымның басына дейін гүлдейді. Тұқымымен көбейеді, табиғи жағдайда алғаш рет өмірінің 12-15 жылдарында гүлдейді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 339-бабы 1-тармағында өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде олардың айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою іс-әрекеті үшін әртүрлі жаза түрлері, оның ішінде бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Анықтама:Қылмыстық кодекстің 339-бабы,1-тармағына сәйкес-мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Соңғы екі жылда Грейг қызғалдағын жұлудың 13 дерегі орын алып, кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жалпы бұл қылмыстық құқық бұзушылықтар тұрғындардың Грейг қызғалдағының «Қызыл кітапқа» енгізілгенін және заңды білмеуінен орын алып отыр.

Грейг қызғалдағының табиғаттағы популяцияларын қорғау мақсатында ескертеміз ерекше қорғаудағы қызғалдақтарды жұлу қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады.