ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ ҚАРИЯЛАР ТАҒЫЛЫМДЫ САПАРҒА АТТАНДЫ
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Төлеби ауданында аға буын өкілдеріне құрмет көрсету және олардың рухани-мәдени демалысын ұйымдастыру мақсатында арнайы тағылымды саяхат ұйымдастырылды.
Демеушілердің қолдауымен ауданның 50-ден астам қариясы мен әжесі қасиетті орындарға зиярат етіп, тарихи-мәдени мұралармен танысу үшін жолға шықты.
Қарияларды Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев арнайы шығарып салып, ақжолтай тілегін білдірді. Аға буын өкілдеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, олардың өмірлік тәжірибесі мен қоғамдағы орнының маңыздылығын атап өтті.
Сапарға қатысушылар үшін арнайы екі автобус ұйымдастырылды. Қариялар көтеріңкі көңіл күймен жолға шығып, тағылымды саяхатқа аттанды.
Сапар барысында олар Сайрам ауданындағы Ибрахим ата кесенесіне, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесіне және Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, қасиетті орындарға зиярат етеді.