ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ МЕН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ САРАЛАНДЫ

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ МЕН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ САРАЛАНДЫ
 
🇰🇿 Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілханұлы Дауылбаев Төлеби ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен және құрылыс барысымен танысты. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловпен бірге нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен олардың қазіргі жай-күйіне назар аударды.
Жұмыс сапары барысында білім беру, спорт, мәдениет және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытындағы маңызды жобалар қамтылып, нысандардың құрылыс сапасы, жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуы және тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері сараланды.
 
✅ Алдымен Еркебұлан Әбілханұлы Тасарық елді мекеніндегі Түркістан облысы білім басқармасының «Алатау» оқу-сауықтыру орталығының жұмысымен танысты. Нысанның тарихы сонау 1987 жылдан бастау алады. Жалпы аумағы 3,9 гектарды құрайтын орталық бір маусымда 260 балаға, жылына 4160 балаға дейін қабылдауға қауқарлы. Мұнда балалардың тынығуына қажетті жағдай жасалған: асхана, акт және спорт залдары, жазғы концерт алаңшасы мен бассейн жұмыс істейді.
Алайда қазіргі таңда ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты нысанның материалдық-техникалық базасын жаңарту және балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету мәселесі назарға алынды.
 
✅ Келесі кезекте Зертас елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысы қаралды. Құны 503,5 млн теңгені құрайтын нысанның құрылысы 2025 жылғы қараша айында басталған. Спорт кешенін 2027 жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының қазіргі қарқыны мен нысанның алдағы міндеттері жөнінде мәлімет берді.
 
✅ Бұдан кейін Момынай елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысы таныстырылды. Құны 528,4 млн теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмыстарын «Trendim» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы мамыр айында басталған. Нысанды ағымдағы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған.
Жаңа спорт нысандары ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың бұқаралық спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қоспақ.
 
✅ Сапар барысында Ынтымақ елді мекеніндегі 150 орындық жалпы орта мектептің құрылысы да назардан тыс қалмады. Жобалық қуаты 150 оқушыға арналған білім ошағында бүгінде 176 оқушы білім алуда. Жаңа мектептің құрылысы 2025-2026 жылдарға өтпелі кезеңмен жүргізілуде.
Заманауи білім ошағының бой көтеруі – ауыл балаларына сапалы білім алуға қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, елді мекеннің әлеуметтік әлеуетін арттыратын маңызды қадам.
 
✅ Іс-сапар барысында Бірінші Мамыр ауылындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының «Төлеби нұры» лагерінің жұмысы да сараланды. 1985 жылы салынған лагерьдің жобалық қуаты 294 балаға арналған. Бір ауысымда 224 баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру, лагерьдің материалдық-техникалық базасын жетілдіру мәселелері де назарға алынды.
 
✅ Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі Зағамбар ауылындағы Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен, Киелітас елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысымен, Ленгір қаласындағы Төле би баба мұражайының және Қапал батыр көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.
Әр нысан бойынша аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, жобалардың іске асу барысы, құрылыс қарқыны және алдағы міндеттер жөнінде баяндады.
Мектеп пен спорт кешендері – өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, салауатты өмір салтын ұстануына жол ашатын әлеуметтік маңызы зор нысандар болса, мәдениет үйі мен музей – елдің рухани мұрасын дәріптеп, тарихи жадыны жаңғыртатын құндылықтар ордасы. Ал тұрғын үй құрылысы халықтың баспана мәселесін шешуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі.
 
⚜️ Жұмыс сапарының қорытынды кезеңіне арналған Төлеби ауданы әкімдігінде мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, құрылыс нысандарының қазіргі жағдайы, атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер кеңінен талқыланды.
Жиында тиісті басқарма басшылары атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баяндама жасады.
 
📍 Мәжілісті қорытындылаған Еркебұлан Әбілханұлы жауапты сала басшыларына аудан аумағындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын сапалы жүргізу, белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау және көтерілген мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
 
Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, елді мекендердің әлеуметтік әлеуетін көтеруге және өңірдің орнықты дамуына бағытталған маңызды бастамалар. Әрбір жаңа нысан – ел игілігіне қызмет ететін нысан ғана емес, ауданның ертеңіне жасалған берік инвестиция.
 
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі