Электрондық кезекті алдын ала брондау жүйесі Түркістан облысының тағы екі ауданында енгізіледі

Электрондық кезекті алдын ала брондау жүйесі Түркістан облысының тағы екі ауданында енгізіледі

 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалы электрондық кезек талонын алдын ала брондау бойынша пилоттық жобаны іске асыруды жалғастыруда. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап пилоттық жоба Төлеби және Келес аудандарының халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде де қолданысқа енгізіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін аталған сервис Созақ және Бәйдібек аудандарының халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде іске қосылған болатын. Жаңа сервис азаматтарға өзіне қолайлы келу күні мен уақытын алдын ала таңдауға мүмкіндік береді. Ол үшін «ЦОН» мобильді қосымшасын, электрондық үкімет порталын немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығын пайдалануға болады. Брондау рәсімі аяқталғаннан кейін өтініш берушіге растау туралы SMS-хабарлама жіберіледі.

Сонымен қатар, дайын құжаттарды беру және өзіне-өзі қызмет көрсету секторының қызметтері бұрынғыдай алдын ала жазылусыз көрсетіледі.

Ерекше жағдайларда және алдын ала брондау мүмкіндігі болмаған кезде егде жастағы азаматтарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға, сондай-ақ шетел азаматтарына қызмет көрсету үшін арнайы жұмыс орны қарастырылған.

Пилоттық жобаның аясын кеңейту алдын ала брондау жүйесінің сұранысқа ие болуы, қолайлылығы мен тиімділігін халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің көбірек санында бағалауға мүмкіндік береді. Пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша нәтижелерге талдау жүргізіліп, оның негізінде сервисті одан әрі енгізу және функционалын кеңейту мәселесі қаралатын болады.