Сіздерді АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен халықаралық деңгейдегі беделді FIRST LEGO League Challenge (10–16 жас) жарысында әлемнің ТОП–5 құрамына еніп, Champions Award финалисті атанып, жүлделі II орынды иеленулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – сіздердің білімге деген құштарлықтарыңыздың, табандылықтарыңыздың және жаңашылдыққа ұмтылыстарыңыздың, сондай-ақ ұстаздарыңыздың кәсіби еңбегінің айқын жемісі.
Осындай жоғары жетістік арқылы сіздер Төлеби ауданының ғана емес, бүкіл Түркістан облысының мерейін үстем етіп, еліміздің абыройын халықаралық деңгейде асқақтаттыңыздар.
Сіздердің бұл жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі, ғылым мен технология саласына қызығатын өскелең буынға үлкен мотивация. Бұл табыс алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға жол ашатынына сенімдімін.
Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас шабыт, тың идеялар мен жаңа жетістіктер тілеймін! Еліміздің атын әлемге танытатын білімді, білікті әрі отаншыл жас буын болып өсе беріңіздер!