
2026 жылға Көксәйек ауылдық округінде бірқатар жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, «8-март» аймағына ауыз су құбырын тарту, Төлеби көшесіне тротуар салу және Жіңішке елді мекенінде су бұру жүйелерін орнату көзделуде.
Жалпы, Көксәйек ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

Кездесу барысында тұрғындар балалар ойын алаңшаларын орнату, жаңа тұрғын алаптарында үй салған азаматтардың құжаттарын заңдастыру, ауыз су нысандарын қабылдау, газ құбырларын жүргізу, жолдарды жөндеу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, «Сұңқар» бейнебақылау камералары орнатылған аумақтарға жол белгілерін қою, айыппұлдар туралы ескертулерді жариялау және түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті.
Ауыз су сапасына қатысты сын-ескертпелер айтылып, емхана жұмысын жақсарту, атап айтқанда, емхана есігін ашу және интернет желісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді. Бұдан бөлек, Жеңіс мектебінің маңына бейнебақылау камерасын орнату және жол кедергілерін жаңарту бойынша ұсыныстар білдірілді.
Барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынды.