
Төлеби ауданында тұрғындармен кері байланысты нығайту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету мақсатында жүйелі кездесулер жалғасуда. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов Қасқасу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, ауыз су, жол сапасы мен көше жарықтандыру мәселелері көтерілді.

2025 жылы тұрғындар көтерген 20 өзекті мәселенің 16-сы толық шешімін тапқан. Қалған 4 мәселе бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл – жергілікті атқарушы органдар мен халық арасындағы тиімді диалогтың нақты нәтижесі.
Атап айтқанда: – Керегетас елді мекеніндегі ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын Бейбітшілік көшесін асфальттау жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға жолданды;
– Бірқатар көшелерді жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда;
– Қасқасу елді мекеніндегі Жастар көшесіне жарықтандыру жүйесін орнату 2025 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған;
– Инфрақұрылымды дамыту және жол сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

2025 жылы Қасқасу ауылдық округінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, Кеңесарық елді мекенінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, «Ақсу-Қуат» ЖШС демеушілігімен 160 млн теңгеге заманауи спорт кешені салынды. Қасқасу мәдениет үйі табиғи газға қосылып, 22 тұрғын үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, канал жүйелерін реттеу және арнайы техникамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.

Алдағы жылы округте жалпы құны 218 млн теңгені құрайтын 4 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда: – Кеңесарық ауылында ауыз су жүйесін жаңарту;
– Қуандық көшесінде аллея салу;
– Сырғанақты көшесінде көпір салу үшін құбыр орнату;
– Қарашора каналын жөндеу.

Кездесу барысында тұрғындар жайылымдық жер мәселесі, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркімен меморандум жасау, жол жөндеу және асфальттау, ауыз су, көше жарықтандыру, жол белгілері, қоршауларды реттеу, Ұзын каналынан ағын су жеткізу, шлюз орнату, көпірді жөндеу, балалар ойын алаңшаларын салу және лотоктарды тазалау мәселелерін көтерді.

Аудан әкімі барлық сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарды назарға алды. Әрбір мәселе кезең-кезеңімен шешілетіні атап өтілді.
Кездесуден кейін жеке қабылдау өткізіліп, азаматтардың нақты өтініштері қаралды.
© Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі