ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ИНВЕСТИЦИЯ, ДАМУ: КИЕЛІТАСТАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ИНВЕСТИЦИЯ, ДАМУ: КИЕЛІТАСТАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР
 
🇰🇿 Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Киелітас ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды кеңінен таныстырды. Кездесу барысында халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, ауыл тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
 
↪️ Аудан әкімінің мәліметінше, 2025 жылғы есепті кездесуде көтерілген 6 мәселенің бүгінде екеуі толық шешімін тапқан. Тағы екі мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, бір мәселе орындалу үстінде, ал бір мәселе шешімін күтуде. Бұл атқарылған жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
 
↪️ Округте инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жобалар қолға алынған. Достық елді мекеніндегі №10 жалпы орта мектепке апаратын 770 метр ішкі жолға тас төсеу үшін 3,7 млн теңгеге сметалық құжат әзірленіп, қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыруға 714 мың теңге қарастырылып, жұмыстар жыл соңына дейін іске асырылады. Сұлтанрабат елді мекеніндегі Сауран көшесіндегі ескірген электр бағаналарын ауыстыру 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.
 
↪️ Инвестициялық бағытта да ауқымды бастамалар бар. Шымкент қаласымен шекаралас аумақта 100 гектар жерде арнайы экономикалық аймақ құру көзделіп отыр. Жобаға қажетті инфрақұрылым жүргізуге шамамен 3,9 млрд теңге қажет. Сонымен қатар Киелітас ауылдық округінде 14,5 гектар аумақта «Төлеби» индустриалды аймағы құрылып, оған инфрақұрылым тарту үшін 16 млн теңге бөлініп, жобалық құжаттар әзірленуде.
Индустриалды аймақта жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 440 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар аясында гофротара өндірісі, ПВХ құрылыс материалдарын шығару, жеміс-көкөніс өңдеу, биологиялық белсенді қоспалар өндіру, кабельдік науалар, темір бұйымдары және тұрмыстық химия өнімдерін шығару жоспарлануда.
 
↪️ Әлеуметтік салада да айтарлықтай ілгерілеу бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Достық елді мекенінде 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Киелітас елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысына 97 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Нысанды толық аяқтау үшін 2026 жылы қосымша 100 млн теңге қарастырылған. Сұлтан Рабат елді мекенінде 9 тұрғын үй ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ақайдар елді мекеніндегі Бадам өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Елді мекендердің тазалығын сақтау үшін арнайы техника да сатып алынған.
 
↪️ 2026 жылға жоспарланған жұмыстар да ауқымды. Достық елді мекенінде су ұңғымасын бұрғылауға 198 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар су мұнарасын жөндеу, Сұлтан Рабат елді мекеніндегі жаяу жүргіншілер көпірін жаңарту (35,2 млн теңге), көшелерді жарықтандыру және округке кіреберіс арканы жаңарту жұмыстары жоспарланған.
 
📍 Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қоғамдық аялдамаларды жаңарту, бағдаршамдардың жұмысын реттеу, мектеп ауласын жөндеу, аяқжол құрылысын аяқтау, электр бағаналарын ауыстыру, жер телімдерін бөлу, су тапшылығын шешу және жолдарды кеңейту сияқты маңызды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар тұрғындар инвестиция тарту бағытындағы бастамаларға қолдау білдірді.
 
⚜️ Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жалпы, Киелітас ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
 
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі