АУДАН ӘКІМІ АЛАТАУ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, бекітілген кестеге сай Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың 2026 жылғы халықпен алғашқы кездесуі Алатау ауылдық округінде өтті.
Жиын барысында аудан басшысы 2025 жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, 2026 жылға межеленген міндеттерді таныстырды. Өткен жылы тұрғындар тарапынан көтерілген 12 мәселенің 3-і толық шешімін тапқан. Қалған 6 мәселе орындалу үстінде болса, 2 мәселе шешімін күтуде, ал 1 мәселе бойынша тиісті түсіндірме берілген.
Нақтырақ айтқанда, Қайнар елді мекенінде 6 шақырым ауыз су құбыры тартылып жатыр. Сонымен қатар, округтегі 18 көшені электрлендіруге қаржы қаралып, мердігер мекеме анықталған. Қосағаш ауылында 0,45 шақырым аяқ жол салуға 8 млн теңге бөлінді.
Нысанбек елді мекеніндегі Таңнұры көшесіне орта жөндеу жұмыстары басталды. «Көксәйек–Нысанбек» бағытындағы 12 шақырым жолға жобалық-сметалық құжаттама әзірленсе, Жаңатұрмыс–Аққұм бағытындағы жол құрылысы облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылып, бүгінде тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағытта да бірқатар ілгерілеу бар. Атап айтқанда, Алатау ауылындағы Абай көшесіне аяқ жол салу жобасына 27 млн теңге бөлініп, жұмыс 2026 жылға өтпелі. Шұбарағаштағы көпірді күрделі жөндеуге қажетті құжаттама әзірленіп, оң қорытынды алынған. Мұратбаев көшесіне жарық шамдары орнатылды.
Екпінді елді мекенінде ауыз су жүйесі толық жаңартылып, Қорған ауылында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шатыртөбе–Қайнар бағытындағы су құбыры тарту жұмыстары жалғасуда.
Санитарлық тазалықты сақтау мақсатында 16,5 млн теңге бөлініп, арнайы техникалар сатып алынып, каналдарды механикалық тазалау жұмыстары атқарылды.
Алдағы жоспарлар қатарында Біркөлік елді мекенінің бас жоспарын әзірлеу, экологиялық контейнерлер орнату, жол қиылыстарына бағдаршам қою, лотоктар мен сквер қоршауларын жаңарту, сондай-ақ жаңа аяқ жолдар салу қарастырылған.
Жиын барысында тұрғындар ауыз су сапасы, жолдарды кеңейту және қозғалыс қауіпсіздігі мәселелерін көтерді. Туристер ағынының артуына байланысты көлік қозғалысының жиілегенін атап өтіп, бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін жеткізді.
Сонымен бірге, Қайнар ауылындағы ауыз су жүйесінің толық аяқталмауы және электр бағаналары орнатылғанымен жарықтың қосылмауы сынға алынды. Сондай-ақ, ауылдағы ескі мектеп ғимаратын балабақшаға бейімдеу мәселесі де көтерілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі көтерілген барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу ашық әрі еркін форматта өтті.
Кездесуден кейін аудан басшысы азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.