ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТА БИЫЛ 7 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП, 500-ГЕ ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТА БИЫЛ 7 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП, 500-ГЕ ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ
 
Биыл Төлеби ауданындағы индустриалды аймақта жалпы құны 23,3 млрд теңгеге 7 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов баяндады.
 
«Былтыр аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 185 млрд теңгеге жетті. Өңірге 52,9 млрд теңге тікелей инвестиция тартылды. Ал өнеркәсіп саласында 76,1 млрд теңгегенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 65 млрд теңгені құрады. Аймақта былтыр «KazPlast» ЖШС-ң жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын тігін фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорын жылына 90 мың дана қысқы арнайы жұмыс киімдерін тігеді. Инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында Киелітас ауылдық округіндегі 14,5 гектар жерге «ТӨЛЕБИ» индустриалды аймағы құрылды. Онда «Alpecon Group» ЖШС-ң жеміс пен көкөніс шырындарын, концентраттар, езбелер мен пасталар өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Аталған жоба аясында 130 жаңа жұмыс орны құрылады. Жобаның жалпы құны 9,2 млрд теңге. Одан бөлек, индустриалды аймақта 180 жұмыс орнымен биологиялық қоспалар, витаминдер және приобиотиктер өндіретін «Зерде-Фарм» ЖШС-і цехының құрылысы басталды. Сондай-ақ, ірі жобалар қатарында «Smart Cab» ЖШС-ң кабельдік науалар өндіру зауыты бар. Жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 35 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен қатар, 2026-2028 жылдар аралығында Киелітас ауылдық округінен 24 га жер телімінде «QazCoilPro» ЖШС-ң алюминий орамдарын шығаратын зауытты іске қосу жоспарлануда. Тартылатын инвестиция көлемі 115 млрд теңге. Онда 120 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда»-деп мәлімдеді аудан басшысы.
 
Былтыр ауданда 53 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Өңірде 2 761 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілген. Сондай-ақ, былтыр 5 845 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 2025 жылы ауданға 46 500 демалушы келіп, 1,8 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында туризм саласында Біркөлік шатқалынан бірқатар жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, «PARADISE VILLAS» ЖШС-ң демалыс аймағының құрылысына 1,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 7 вилладан тұратын демалыс кешені ашылды. Сондай-ақ, «SkyRest» ЖШС-ң демалыс аймағы іске қосылды. Жобаның құны 1 млрд теңге, демалыс орны 6 вилладан тұрады. Биыл жалпы құны 4,1 млрд теңгеге 7 туристік нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда.
 
«Ауданда тұрғын үй кезегіндегі 6 261 азаматты баспанамен қамту үшін өткен жылы 48,2 шаршы метрді құрайтын 156 пәтер салынды. Алдағы 3 жылда 200 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Сонымен қатар, демеушілер есебінен Ленгір қаласының 1 мөлтек ауданынан 180 пәтерден тұратын 5 қабатты 3 үйдің құрылысы жүргізілуде. Білім беру саласында «Келешек мектептері» жобасымен жалпы 1 800 орындық үш мектеп ашылды. Денсаулық сақтау саласында Кеңесарық, Тағайна ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пунк, Аққұм ауылынан дәрігерлік амбулатория ашылды. Былтыр аудан бойынша 7 604 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 5100-і тұрақты, 2504-і маусымдық. Инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы 61 елді мекен 100% орталықтандарылыған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Электр жүйесімен де аудан аумағы толық қамтылған. Аудандық маңызы бар жолдардың қанағатты жағдайдағы үлесі – 97,3%», - деді аудан әкімі.
 
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі